Адвокат марқұм Шерзат Болатқа, әкесі мен ағасына қатысты іс қозғауды сұрады
Сотталушы Дидар Қалиахметтің адвокаты жарыссөз барысында Шерзат Болат, оның әкесі Қаржаубай Нұрымов пен ағасы Нұрқанат Ғайыпбаевқа қатысты Қылмыстық кодекстің «бұзақылық» бабы бойынша іс қозғауды сұрады. Бұл туралы Anyqtime.kz ақпараттық порталы хабарлайды.
Адвокат Гаухар Баймұханова соттан Қылмыстық кодекстің 293-бабы 3-бөлігіне (бұзақылық) сәйкес жекеше қаулы шығаруды және істі Алматы облысы прокуратурасына жолдауды сұрады. Оның сөзінше, бұл талап бейнежазбалар мен жарыссөздегі растауларға негізделген.
«Мейірман Шекеев өз сөзінде айыпталушылардың атыс қаруын қолданғанын растады. Сондай-ақ бейнематериалда Қаржаубай Нұрымовтың дүкеннен үш рет пышақ алып шығып, қолданғаны көрінеді. Осыны негізге ала отырып, Шерзат Болат, Нұрқанат Ғайыпбаев және Қаржаубай Нұрымовқа қатысты қылмыстық іс қозғау қажет», – деді Баймұханова.
Шерзат Болаттың қазасы
Еске салайық, 4 қазанға қараған түні Талғар қаласында бір топ жігіттің арасында жанжал туындап, соңы қантөгіске ұласқан. Жараланған екі азамат аудандық ауруханаға жеткізіліп, олардың бірі – 16 жастағы Шерзат Болат жансақтау бөлімінде көз жұмды. Осы жағдайдан соң кісі өлтіру фактісі бойынша іс қозғалып, бірнеше күдікті ұсталды.
Қайғылы оқиғадан кейін марқұмның әкесі Қаржаубай Нұрымов сот процесінің ашық әрі әділ өтуін талап етіп, бірнеше рет үндеу жасады. Ал 12 қазанда Шерзат Болаттың отбасына тиесілі үй өртеніп кетті. Бұл оқиға бойынша да қылмыстық іс қозғалып, Бас прокуратураның бақылауымен ведомствоаралық жедел-тергеу тобы құрылғаны хабарланды.
Көп ұзамай, 9 желтоқсанда марқұм Шерзаттың ағасы Нұрқанат Ғайыпбаевтың мәйіті Талғар маңынан табылды. Ал ертеңінде, 10 желтоқсан күні Қаржаубай Нұрымов марқұм ұлын жерлеу рәсімінен кейін ұсталып, «бұзақылық» бабы бойынша 15 тәулікке қамалды. Оның қарындасы да дәл осындай жазаға тартылды.
Айта кетейік, биыл 21 қаңтарда Шерзат Болаттың өліміне қатысты тергеу аяқталғаны хабарланған болатын.