«Ашық-жарқын, арманшыл жан еді»: Алматыда жантүршігерлік жол апатынан бірнеше адам мерт болды
Алматы – Бішкек тасжолында тіркемесі ажыраған жүк көлігі адам өліміне себеп болды. Қайғылы оқиға кезінде көз жұмған төрт адамның бірі — ағылшын тілі пәнінің мұғалімі Махаббат Нұрлыбекқызы. Бұл туралы Anyqtime.kz ақпараттық порталы хабарлайды.
28 мамыр күні кешкі 18:00 шамасында Алматы маңында болған жол апаты жұрттың жағасын ұстатты. Түркістан облысынан келген жүргізуші тізгіндеген КамАЗ жүк көлігінің тіркемесі кенеттен ажырап кетіп, қарсы бағыттағы Geely көлігіне соғылған. Қатты соққыдан Geely көлігі KIA Sportage көлігіне ұрылып, салдарынан төрт адам бірден қаза тапты.
Құрбандардың бірі — QAZBILIM Алматы ұлттық лицейінің ағылшын тілі пәнінің жас ұстазы Махаббат Нұрлыбекқызы. Мектеп директоры Аятжан Ахметжанұлының айтуынша, мұғалім еңбек демалысына шығып, ауылға — Аралға баруға дайындалып жүрген.
– Жаз бойы IELTS тапсырып, білімін жалғастыруды жоспарлап жүрген. Ашық-жарқын, арманшыл, болашағы зор жан еді. Өкінішке қарай, өзгенің салғырттығы салдарынан өмірі қыршыннан қиылды. Денесі үш күннен кейін моргтен табылды. Бүгін туған жеріне жол тартты, – деп жазды директор.
Куәгерлер мен жұртшылық бұл жағдайдың немқұрайлы техникалық жағдай салдарынан болғанын айтып, тиісті органдарды қатаң бақылауға шақыруда. Жас өмірдің мезгілсіз қиылуы қоғамда үлкен резонанс тудырды.