Шерзат Болаттың ісі бойынша сотта жарыссөз басталды: Прокурорлар нақты айыптар айтты

3 маусым, 2025 / Теңіз Тамшыбаев
Фото: Әлеуметтік желіден

Талдықорғанда 16 жастағы Шерзат Болаттың өліміне қатысты атышулы іс бойынша сот процесі жарыссөз кезеңіне өтті. Судья Ержан Жанұзақов төрағалық ететін ашық сот отырысында мемлекеттік айыптаушылар өз уәждерін келтіре бастады, деп хабарлайды Anyqtime.kz тілшісі.

Айыптаушы Дана Сәрсенбай өз сөзінде қайғылы оқиғаның мән-жайын тағы бір мәрте тізіп берді. Ол Жоғарғы соттың нормативтік қаулысына сүйене отырып, бұл істі топпен жасалған бұзақылық деп бағалауға болатынын атап өтті. Прокурор бұзақылыққа бірнеше адамның қатысуы немесе рөлдердің бөлінуі маңызды емес екенін, бастысы — ортақ қылмыстық нәтижеге бағытталған әрекет екенін айтты.

Еске сала кетейік, 2024 жылғы 4 қазанға қараған түні Талғар қаласында 16 жастағы Шерзат Болат ауыр соққыдан қайтыс болған. Бұл қайғылы жағдай қоғамда резонанс тудырып, әділ тергеу талап еткен тұрғындар наразылыққа шыққан еді. Қайғылы оқиғадан кейін бірнеше күн өткен соң, марқұммен араздықта болған делінген Нұрымовтар отбасының үйі отқа оранып, Бас прокуратура өрттің қасақана жасалғанын растаған. Алайда бұл іске қатысты күдіктілер әлі табылған жоқ.

Қазіргі уақытта сотта ауыр қылмысқа қатысы бар деп Талғар ауданының тоғыз тұрғыны айыпталып отыр. Іс қазақ тілінде қаралуда.

Тэгтер:

сот Шерзат Болат Шерзат ісі жарыссөз