Қостанай облысында ауызсу желісін тартуға 5,4 млрд теңге бөлінді

3 маусым, 2025 / Теңіз Тамшыбаев
Фото: Primeminister.kz

Ел Президентінің әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту жөніндегі тапсырмасына сәйкес, мемлекет заңсыз иемденілген активтерді қайтарып, оны халық игілігіне жұмсай бастады. Соның бір көрінісі – Қостанай облысында ауызсу жүйесін дамыту мақсатында Арнаулы мемлекеттік қордан бөлінген 5,4 миллиард теңге, деп хабарлайды Anyqtime.kz тілшісі Primeminister.kz сайтына сілтеме жасап

Қомақты қаражаттың бір бөлігі Тобыл қаласына бағытталды. Қазір мұндағы тұрғындардың 87,9 пайызы орталықтандырылған су желісіне қосылған. Бұл көрсеткішті 100 пайызға жеткізу үшін қалада ұзындығы 100 шақырымнан асатын су құбыры желісі салына бастады. Жобаға 1,4 млрд теңге қарастырылған.

Арқалық қаласына тартылатын су құбырына 872 млн теңге бөлінді. Бұл бастама 13 мыңнан астам тұрғынды толық таза сумен қамтып, 2025 жылдың соңына дейін қамту деңгейін 96,5%-дан 100%-ға жеткізуге мүмкіндік бермек.

Бұдан бөлек, Қарабалық, Денисов, Қостанай, Федоров, Бейімбет Майлин аудандарындағы ауылдар мен Арқалықтағы Жастар ауылында су құбыры желісін тарту үшін жалпы құны 3 млрд теңгеден асатын жоба жүзеге асады.

ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің мәліметінше, бүгінде Қостанай қаласының халқының 99 пайызы, ал ауыл тұрғындарының 90,3 пайызы орталықтандырылған ауызсуға қол жеткізген. Ендігі мақсат – бұл көрсеткішті толық қамту деңгейіне жеткізу.

Тэгтер:

Қостанай облысы ауызсу желісін тарту 54 млрд теңге