Семей қаласында еліміз үшін алғашқы жоғары технологиялы зауыттың іргетасы қаланды. Бұл жаңа өндіріс орны чиптер мен электронды құрылғыларды, атап айтқанда оптоэлектронды модульдер, қуат блоктары мен энергия үнемдейтін шамдарды өндіретін болады. Жобаны қазақстандық-қытайлық «SUTO KAZAKHSTAN» ЖШС компаниясы жүзеге асырып отыр, деп хабарлайды Anyqtime.kz тілшісі Абай облысы әкімдігінің мәліметіне сілтеме жасап
Зауыт Семейдегі «Өндіріс» индустриялық аймағында салынып жатыр. 50 миллион АҚШ долларына бағаланған жоба үш кезеңмен – 2025 пен 2028 жылдар аралығында іске асырылмақ. Болашақта өндірілген өнімдер ішкі нарықты қамтып қана қоймай, ТМД елдері мен Еуропаға экспортқа шығарылады.
Абай облысының әкімі Берік Уәли жаңа жобаның құрылыс жұмыстары барысында 140 адам, ал зауыт іске қосылғаннан кейін 500-ден астам жергілікті тұрғын жұмыспен қамтылатынын атап өтті. Жалақы мөлшері 250 мыңнан 500 мың теңгеге дейін болмақ.
«Бұл – елімізде алғаш қолға алынып отырған тың жоба. Чиптерді өзімізде өндіру арқылы экономиканы әртараптандыруға және технологиялық саланы дамытуға нақты қадам жасалуда. Біз бұл бастамаға жан-жақты қолдау көрсетеміз», – деді өңір басшысы.
Зауыт болашақта Семейдегі IT және жаңа технологиялар жоғары колледжінің студенттерін өндірістік тәжірибеден өткізіп, үздіктерін жұмысқа қабылдауды жоспарлап отыр. Осы мақсатта кәсіпорын мен оқу орны арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.
Компания құрылтайшысы Ернұр Болатұлының айтуынша, кәсіпорынға 20 гектар жер бөлінген. Алғашқы кезеңде негізгі ғимарат пен өндірістік цехтар салынады. Құрылыс басталған сәттен бастап үш ай ішінде алғашқы өнім шығарылуы мүмкін. Бұл өнімдер «Қазақстанда жасалған» таңбасымен шығарылады.
Семей қаласы жоғары технология өндірісімен айналысатын ірі орталықтардың біріне айналуы мүмкін.