Түркияда 5,8 балдық зілзала: 14 жастағы жасөспірім қаза тауып, 69 адам жарақат алды

3 маусым, 2025 / Теңіз Тамшыбаев
Иллюстрациялық фото: Джон Врефорд / Lightrocket via Getty Images

3 маусым күні Астана уақытымен таңғы 4:17-де Түркияның Эгей теңізі аймағында жойқын жер сілкінісі тіркелді. Магнитудасы 5,8 балды құраған зілзаланың эпицентрі Мугла қаласынан небәрі 10 шақырым жерде, Мамарис ауданында орналасқан, деп хабарлайды Anyqtime.kz тілшісі.

Қуатты дүмпу салдарынан жергілікті тұрғындар үйлерінен жаппай сыртқа қашып, түнді далада өткізуге мәжбүр болды. Мугла провинциясының губернаторы Идрис Акбийык оқиға салдарынан бір жасөспірімнің қаза тапқанын және 69 адамның жарақат алғанын растады.

«Фетхие ауданында 14 жастағы бала сілкініс кезінде алған жарақатынан көз жұмды. Дәрігерлер қолдан келгеннің бәрін жасады, бірақ өмірін сақтап қалу мүмкін болмады. Жараланғандардың басым бөлігі паника кезінде биіктіктен секіріп, түрлі жарақат алған», – деді губернатор.

Билік өкілдерінің айтуынша, сілкіністен кейін инфрақұрылым мен ғимараттарға айтарлықтай зақым келмеген. Алайда қауіпсіздік мақсатында тұрғындар сақ болуға шақырылып отыр. Қазіргі таңда құтқару және медициналық көмек көрсету жұмыстары жалғасуда.

Тэгтер:

жер сілкінісі Түркия 58 балл