Тоқаев пен То Лам этноқұндылықтар көрмесінде: қос көшбасшы қазақ дәстүрімен танысты
ortcom.kz

Тоқаев пен То Лам этноқұндылықтар көрмесінде: қос көшбасшы қазақ дәстүрімен танысты

Астанада мемлекеттік сапармен жүрген Вьетнам Коммунистік партиясы Орталық комитетінің Бас хатшысы То Лам Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевпен бірге ұлттық мәдениетімізді насихаттайтын «Этноауыл» кешенін аралады, - деп хабарлайды Anyqtime.kz тілшісі.

Қос тарап қазақ халқының дәстүрлі өмір салты мен рухани мұрасын бейнелейтін түрлі экспозициялық аймақтармен танысты. Көрмеде халқымыздың ұлттық киімдері, зергерлік және тұрмыстық қолөнер бұйымдары, музыкалық аспаптары, сондай-ақ көне саятшылық пен тұрмыс дәстүрлері кеңінен ұсынылды.

Экспозицияның әрбір бөлігі көшпелі мәдениеттің терең болмысын айшықтап, дала өркениетінің көпқырлылығын көрсетеді. То Лам мырза көрме аясында тұсаукесер рәсіміне қатысып, сәбидің болашағына ақжол тілеп, ізгі ниетін білдірді.

Бұл шара екі ел арасындағы мәдени-гуманитарлық байланыстарды нығайтуға бағытталған маңызды қадам ретінде бағаланып отыр.