«Директордың шайына дәрі қосады»: Журналист білім саласындағы сұмдық жайтты жайып салды
Танымал журналист Бауыржан Карипов әлеуметтік желідегі парақшасында мектептегі келеңсіз жағдайлар туралы ашық жазып, білім саласындағы кейбір әділетсіздіктерді қоғам назарына ұсынды. Ол өз жазбасында аты-жөнін атамаған танысының басынан өткен оқиғаны баяндады, деп хабарлайды Anyqtime.kz тілшісі Democrat.kz сайтына сілтеме жасап
Журналистің айтуынша, бұл азамат конкурс арқылы мектеп директоры қызметіне тағайындалып, аз уақыттың ішінде ұжымын алға сүйреп, оқушыларын республикалық олимпиадалар мен ҰБТ нәтижелері арқылы биік жетістіктерге жеткізген. Мектеп облыс әкімінің грантын да иеленіпті. Алайда директор қызметке кіріскелі бері оған қарсы 30-ға жуық арыз жазылған.
«Жазған – сол мектептің ішіндегі бір-екі мұғалім. Арыз сайын комиссия, орган өкілдері, тіпті КНБ-ға дейін араласты. Директор стреске түсті. Бірақ соған қарамастан, арызқой мұғалімдерді жұмыстан шығаруға да бармады. “Нанынан айырылып қалмасын” деп жаны ашыпты», – дейді Бауыржан Карипов.
Ол сондай-ақ арызқойлықтың ақыры адамның өзін іштей жеп, ауруға шалдықтыратынын атап өтті. Жазбаның соңында журналист тіпті басқа өңірде мектеп директорына шайына дәрі қосып беріп, ақыры жүйке аурулары ауруханасынан бір-ақ шығаратын сорақы жағдайдың да болғанын жеткізді.
Бұл жазба желі қолданушылары арасында қызу пікірталас туғызды. Бірі директорлардың да әділетсіздік жасайтынын меңзесе, енді бірі білім беру жүйесінде мұндай көреалмаушылық пен қызғаныштың түбінде ұрпақ тәрбиесіне кері әсер ететінін алға тартты.
Желі қолданушыларының кей пікірлері:
– «Директорлар мұғалімдерді қудаламаса, осы уақытқа дейін директорды қудалаған жанды көрмеппін. Ертегі ғой»,
– «Бізді өсірмейтін – осы қызғаншақтық, көреалмаушылық»,
– «Алла сақтасын! Осындай арызқойлар қалай мұғалім болып жүр?!».