Дастан Сатпаев Роналдумен әріптес атанды
Фото: Коллаж Anyqtime.kz

Дастан Сатпаев Роналдумен әріптес атанды

Қазақстандық жас футболшы Дастан Сатпаев әлемдік спорт индустриясының алпауыт бренді — Nike-пен серіктестікке қол жеткізді. Бұл жаңалық оның спорттық мансабындағы жаңа белес ретінде бағаланып отыр, деп хабарлайды Anyqtime.kz тілшісі.

«Қайрат» және ағылшынның «Челси» клубтарының ойыншысы, ProSports Management агенттігінің өкілі болып саналатын Сатпаев енді әлемге әйгілі Nike компаниясының амбассадоры. Айта кету керек, дәл осы брендпен аты аңызға айналған Криштиану Роналду 2003 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Ал 2016 жылы португалиялық шабуылшы Nike-пен өмір бойы келісімшартқа отырған санаулы спортшылардың бірі атанды.

Жаңа келісім арқылы Дастан Сатпаев Nike брендімен жұмыс істейтін элиталық спортшылардың қатарына енді. Бұл оның тек жасыл алаңдағы шеберлігі ғана емес, жалпы спорт әлеміндегі әлеуеті мен ықпалын мойындаудың бір көрінісі.

Nike Роналдумен бірлесіп Train Ultrafast Flyknit кроссовка үлгісін жасап шығарған болатын. Кейінірек CR7 брендімен киім, аяқ киім, иіссу мен аксессуарлар желісі іске қосылды. Енді сол ауқымды әлемдік спорт желісінде Дастан Сатпаевтың да есімі аталып отыр.

Жас спортшының жетістігі қазақстандық футболдың халықаралық деңгейде мойындала бастағанын тағы бір мәрте дәлелдеді.