Колледж студенттері әскерге өз еркімен сұранып, көпшілікті тәнті етті
Ақтөбе облысының Ресей шекарасына жақын орналасқан Жайсан ауылындағы көпсалалы колледждің студенттері өз еріктерімен әскер қатарына баруға ниет білдіріп, жұртшылықтың ықыласына бөленді. Олар Отан алдындағы борышын кейінге қалдырмай, оқуларын аяқтамай жатып, сапқа қосылуға бел буған, деп хабарлайды Anyqtime.kz тілшісі Alash.kz сайтына сілтеме жасап
Аталған оқу орны негізінен жетім балалар мен мүмкіндігі шектеулі жастарды еңбекке баулитын техникалық бағыттағы мамандықтар бойынша оқытады. Колледж әкімшілігі студенттердің бұл шешімін ерлік пен отансүйгіштіктің жарқын үлгісі деп бағалап отыр.
«Оқуды кейінге шегеру мүмкіндігі бола тұра, бұл жігіттер саналы түрде әскерге бару жолын таңдады. Бұл — нағыз ерге тән шешім. Елге деген құрмет пен оны қорғауға дайын екендігінің айқын белгісі», – деп мәлімдеді колледж ұжымы.
Сонымен қатар оқу орны студенттердің ата-аналарына ризашылығын білдіріп, оларды нағыз ер азамат тәрбиелегені үшін алғыс айтты.
«Сіздер жауапкершілікті сезіне білетін, елге қызмет етуге дайын ұл тәрбиеледіңіздер. Бұл — үлкен мәртебе», – делінген колледж тарапынан жасалған үндеуде.
Ауылдан шыққан жас сарбаздардың бұл бастамасы әлеуметтік желіде де кең қолдау тауып, көпшілік тарапынан жылы пікірлер айтылып жатыр.