Қой бағасы қаншадан? Құрбан айт таяп қалды
Фото: www.freepik.com

Қой бағасы қаншадан? Құрбан айт таяп қалды

Құрбан айт мейрамына орай еліміздің базарларында құрбандыққа шалынатын малға сұраныс артып, дайындық қыза түсті. Мал бағасы мен шалу талаптары да жұртшылықтың назарында, деп хабарлайды Anyqtime.kz тілшісі.

Шариғат бойынша құрбандыққа қой, ешкі, сиыр және түйе шалынады. Бұл жануарлардың жасы да маңызды: қой мен ешкі кемінде 1 жаста, сиыр 2 жастан, ал түйе 5 жастан асуы тиіс. Мал толық әрі дені сау болуы керек — соқыр, ақсақ, құлағы кесілген жануар құрбандыққа жарамайды.

Қазір қой – ең жиі таңдалатын құрбандық малының бірі. Орта есеппен 30 келіге жуық ет береді. Nur.kz сайтының айтуынша саудагерлер қойдың бағасын 70 мың теңгеден жоғары бағалаған.

– Жақсы қойдың бағасы 80–85 мың теңге. Құлағы бүтін, жасы жеткен, уайымсыз шалуға болатын мал, – дейді сатушы Мұстафа Мазамов.

Ал тоқтылар арзандау – 50 мыңнан 65 мың теңгеге дейінгі аралықта саудалануда.

Қасапшы Әлімбек Сапаевтың айтуынша, мал сойдыру қызметінің де бағасы белгілі:

– Қойды сойдыру – 3 мың теңге, ал ірі қара – 7-8 мың теңге тұрады, – дейді ол.

Астана қаласының тұрғыны Индира Сейітжанқызы базардан қой алып, құрбандық шалғанын айтып:

– Бағасы көңілімізден шықты. Садақа ретінде шалып, сауапты іске үлес қосып жатырмыз, – деді.

Айта кетейік, былтыр елімізде 40 мыңнан астам мал құрбандыққа шалынған. Жиналған ет 137 мыңға жуық мұқтаж отбасыға таратылған. Биыл ҚМДБ мәліметінше, 60 арнайы орында құрбан шалу рәсімі ұйымдастырылады.