«Дін — халықтың басты мәселесі емес»: Мұхтар Мағауин соңғы сұхбаттарында не айтты?
Фото: Бейнежазбадан скриншот

«Дін — халықтың басты мәселесі емес»: Мұхтар Мағауин соңғы сұхбаттарында не айтты?

ҚР Халық жазушысы Мұхтар Мағауин көзі тірісінде бірқатар басылымға сұхбат беріп, өмірлік ұстанымы мен қоғамдағы өзекті мәселелерге қатысты ойларын ашық айтқан болатын. Caravan.kz порталы жазушының соңғы жылдардағы сұхбаттарына шолу жасап, назар аударарлық тұстарын жинақтады.

«Қазақ ешқашан әсіре діншілдікті қолдаған жоқ»

Жанар Байсемізоваға берген сұхбатында жазушы дін тақырыбына кеңінен тоқталып, өзінің мұсылман екенін айтқанымен, намаз оқымайтынын, ораза ұстамайтынын да бүкпесіз жеткізген.

«Мен намаз оқымаймын. Қажылыққа да барған жоқпын. Бұл мақтаныш емес – шынайы ақиқат. Ораза да ұстамаймын. Әйелім мен балаларым ұстайды. Ал мен аш жүріп жаза алмаймын. Бір ай жазбай қалу – мен үшін бір айлық өмірден айырылғанмен бірдей. Дін деген жүректе болуы керек. Өзімді мұсылманмын деп санаймын. Сонымен бірге, ата-бабаларымыздың тәңірлік сенімін де сыртқа итермеймін. Әруаққа сену – исламға қарсы келмейді. Әруақ жоқ болса, қазақ та жоқ. Бұл – біздің рухымыз.

Қазір «мұсылманшылық келді» деп қуанғанымызбен, оның зияны көбейіп кетті. Қазақтың дәстүрлі руханиятына қарсы шығатын жағдайлар көбейді. Мысалы, «жетісін, қырқын беруге болмайды» деу – бұл барып тұрған қасірет. Дін деген – апиын сияқты: аз болса пайдасы бар, шектен асса – уға айналады. Қазақ әсіре діншілдікті ешқашан құптамаған», – деді жазушы.

«Жазушылар мені мазақ етті»

Мағауин сұхбат барысында өзінің алғашқы шығармалары қалай қабылданғанын да еске алды. Оның айтуынша, «Көк мұнар» романы сыншылар тарапынан қолдау таппағанымен, оқырмандар оны жылы қабылдаған.

«31 жасымда жазған «Көк мұнар» – классикалық шығарма. Бірақ сыншылар мен жазушылар оны мойындамады. Тіпті мазақ қылды. Бір танысым “есектің құйрығын жуып, ақша тапқан артық” деп келеке қылды. Ал шын мәнінде, бұл романым кейін халық арасында үлкен сұранысқа ие болды. 1982 жылы 57 мың данамен шықты, бір аптада сатылып кетті. Сол кезде оқырманның санасы, кейбір жазушылардан әлдеқайда жоғары еді», – деді ол.

«Елімнен кетуге мәжбүр болдым»

Мұхтар Мағауин елден не себепті кеткенін де жасырмады. Оның айтуынша, ұлттық мүдде туралы жиі айтқаны үшін қысым көріп, жұмыстан шеттетілген.

«Мен «Жұлдыз» журналында жұмыс істедім. Ол қызметке Олжас Сүлейменовтің қолдауымен келген едім. Бірақ ұлттық тақырыптарды жиі көтерген соң, кеңес өкіметі құлағаннан кейін мені жек көре бастады. Апта сайын мені сынаған мақалалар шыға бастады. Бірнеше газетте қатар жарияланған кездер болды. Ақыры 2006 жылы журналдан кетуге тура келді. Балам мені Прагаға шақырып жүрген. Бір келіп, алты күн демалдым, жетінші күні отырып әңгіме жаза бастадым», – деді жазушы.

Мұхтар Мағауиннің соңғы аманаты

Сұхбаттың соңында жазушы елге деген ақ тілегін жеткізген.

«Ең бастысы – елім аман, заман тыныш болсын. Бала-шағамыз өсіп-өнсін. Қазақтың саны 50 миллионға жетсін. Шыңғысхан мен Алтын Орда дәуірінен жалғасып келе жатқан тарихымызды жаңғыртайық. Келешек ұрпақтың еңсесі биік болсын. Басқа тілек жоқ», – деп аяқтаған еді Мұхтар Мағауин.

Айта кетейік, қазақ әдебиетінің аса ірі өкілі Мұхтар Мағауин 2024 жылдың 9 қаңтарында, 84 жасында АҚШ-тың Мэриленд штатында өмірден өтті. Сол жерде жерленген.