Мобильді аударымдар 1 миллион теңгеден асса тексеріле ме? Қаржы министрлігі түсініктеме берді
Фото: www.gov.kz

Мобильді аударымдар 1 миллион теңгеден асса тексеріле ме? Қаржы министрлігі түсініктеме берді

Соңғы уақытта ел ішінде жиі талқыланып жүрген сауалдардың бірі – туыстардан түскен мобильді аударым сомасы 1 миллион теңгеден асса, салық органдары оны тексере ме? Бұл сұраққа үкімет брифингінде Қаржы вице-министрі Дәурен Кеңбейіл жауап берді, деп хабарлайды Anyqtime.kz тілшісі.

Ай сайын емес, үш айлық есеппен қаралады

Вице-министрдің айтуынша, мәселе бір айдағы емес, күнтізбелік үш ай ішіндегі жалпы аударым сомасына қатысты.

– Ай сайын емес, үш айда түсетін қаражат есепке алынады. Орташа есеппен айына 300 мың теңгеден айналады. Бұл шекті мөлшер Мемлекеттік кірістер комитетінің мәліметтері негізінде белгіленді. Сарапшылар бұл соманы шартты түрде қауіпсіз деңгей деп бағалайды. Шешім Экономикалық саясат жөніндегі кеңесте талқыланып, қабылданған, – деді Кеңбейіл.

Кәсіпкер емес екенін дәлелдесе, сұрақ туындамайды

Вице-министрдің сөзінше, бұл талап ең алдымен көлеңкелі кәсіпкерлікпен күреске бағытталған. Егер азамат ресми түрде бизнес жүргізбесе және аударымның туыстарынан немесе жақындарынан түскенін дәлелдесе, ешқандай мәселе туындамайды.

– Мысалы, ай сайын туысыңыз 300 мың теңгеден жіберіп отырса және бұл заңды туыстық көмек екенін көрсетсеңіз – ешқандай сұрақ болмайды. Мәселе – жасырын кәсіпкерлікті анықтау. Түскен қаражаттың табиғатын түсіндіру мүмкіндігі бар. Егер адал салық төлеуші болсаңыз, ешкім сізге кедергі келтірмейді, – деді ол.

Садақа мен қайырымдылық қаражаттары да бақылауда ма?

БАҚ өкілдері садақа жинап жүрген азаматтарға да бұл талап қатысты ма деген сауал қойды. Вице-министр бұл мәселеге нақты жауап бермегенімен, жалпы мақсат – жүйесіз, тіркелмеген кірісті заңдастыру екенін атап өтті.

– Бұл – адал азаматтарға емес, салықтан жалтарып жүрген адамдарға арналған механизм. Аударым көзі түсінікті болса, ешқандай күдік болмайды, – деді Қаржы министрлігінің өкілі.