«Қайырымдылық емес, маркетингтік айла»: Ляйсира Марат Тұрсен Алагөзов жайлы мәлімдеме жасады
Танымал продюсер Тұрсен Алагөзовтің бұрынғы әйелі Ляйсира Марат Instagram парақшасында кәсіпкердің атышулы «100 пәтер тарату» акциясын қайырымдылық емес, маркетингтік айла деп атады. Сонымен қатар, ол отбасылық бизнесте болған оқиғаларды да алғаш рет ашық айтып, көпшілікті елең еткізді, деп хабарлайды Anyqtime.kz тілшісі Qaz365.kz порталына сілтеме жасап.
Ляйсираның айтуынша, ол Galanz Bottlers компаниясының 43,25 пайыз акциясын иеленсе, туған әпкесі 7,5 пайызға ие болған. Осылайша, екеуі бақылаушы үлеске ие болып, 2016 жылы компанияны басқаруға кіріскен. Алайда сол кезде кәсіпорын 13 миллиард теңге қарызға батып, айналымдағы қаржы небәрі 10 миллиард теңге болған. Цесна банк техникалық дефолт жариялауға дайындалғандықтан, Ляйсира жағдайды тұрақтандыру үшін банктің төрағасымен кездесіп, тізерлеп отырып, бір жыл уақыт сұрағанын жазады. Ол осы уақыт ішінде барлық міндеттемелерді орындауға уәде берген.
Кейін, 2018 жылы жағдай оңала бастағанда, Тұрсен Алагөзов елдегі ықпалды Сатыбалды әулетінің көмегіне жүгініп, Ляйсира мен оның әпкесін компаниядан шеттетуді сұраған көрінеді. Осыдан соң, бизнес иесінің сөзінше, қысым күшейіп, қылмыстық істер ашылып, команда күйзелісте жұмыс істей бастаған. 2021 жылдың ортасына қарай компанияның сату көлемі 35 миллиард теңгеге жетіп, барлық қарыздан құтылған. Осы сәтте, яғни 2021 жылдың жазында, Ляйсираның айтуынша, оны компаниядан шығарып жіберген. Ол бұл шешімге қарсы шыққанда, тіпті өміріне қауіп төнуі мүмкін болғанын жасырмады.
Бір апта өтпей жатып компанияға қайтадан Тұрсен Алагөзов директор әрі директорлар кеңесінің төрағасы болып оралған. Ляйсира дәл сол кезде компания мұндай көлемдегі акцияны өткізуге толық қауқарлы болғанын атап өтеді. Алайда оның пікірінше, қазіргі «100 пәтер» жобасы ешқандай да шынайы қайырымдылық емес, таза маркетинг.
Ол шынайы қайырымдылықты еш жарнамасыз, пайда көздемей жасалатын көмек деп санайды. «Бұл жолғы 2 миллиард теңге – шын мәнінде, алдағы науқан алдындағы өнім жарнамасына бөлінген маркетинг бюджетінің жартысына тең. Шай сатылуы керек, қоймада қалмауы тиіс. Бұл – әрі имидж, әрі нарықтық тактика», – деп түйіндеді Ляйсира.
Мәлімдеме жарияланғаннан кейін әлеуметтік желіде қызу пікірталас туды. Бірі Ляйсираның шындығын қолдаса, енді бірі Алагөзовтің ұстанымын жақтады. Ал кәсіпкердің қазіргі жұбайы Баян Алагөзова әзірге бұл айыптауларға қатысты ешқандай пікір білдірген жоқ.