Өрттен бес баласынан айырылған отбасыға баспана беріледі
Фото: www.freepik.com

Өрттен бес баласынан айырылған отбасыға баспана беріледі

Батыс Қазақстан облысының Сырым ауданына қарасты Жымпиты ауылында орын алған қайғылы жағдай елдің қабырғасын қайыстырды. Жекеменшік үйден шыққан өрт салдарынан бес бірдей бала қаза тауып, бүкіл елдің назары осы отбасыға ауған еді. Енді өңір билігі бұл отбасына барлық тиісті көмекті көрсетуге уәде беріп отыр, деп хабарлайды Anyqtime.kz тілшісі.

Облыс әкімі Нариман Төреғалиев қайғылы оқиғаға байланысты ресми мәлімдеме жасап, жағдайды жеке бақылауына алғанын хабарлады. Оның тапсырмасымен оқиға орнына облыс әкімінің орынбасары аттанған. Сонымен қатар, аудан әкімі де оқиға орнында болып, төтенше жағдайлар қызметі мен тиісті сала мамандарының жұмысын үйлестіріп отыр.

Төреғалиевтің айтуынша, қаза болған балалардың отбасына жерлеу рәсімін ұйымдастыру, психологиялық қолдау, баспанамен қамтамасыз ету және басқа да әлеуметтік көмек шаралары көрсетіледі.

Оқиға орнында төтенше жағдайлар қызметі, полиция, медицина мамандары және өзге де құрылымдар жұмысын жалғастырып жатыр. Аймақ басшысы бұл жағдай назардан тыс қалмайтынын және отбасына мемлекет тарапынан барлық қолдау көрсетілетінін нақты айтты.

Еске салайық, бұған дейін Жымпиты ауылында жалдамалы үй өртеніп, бір отбасының бес баласы көз жұмғанын хабарлаған едік. Балалардың ең кішісі 1 жаста болса, үлкені 6-ға енді келген еді. Өрт кезінде ата-аналары жұмыста болған.