«Бұл шешім менікі емес...»: Мақпал Жүнісова қызы туралы құпиясымен бөлісті
Әнші Мақпал Жүнісованың қызы Мерей жайлы айтқан видеосы әлеуметтік желіде қызу талқыланып жатыр. Онда өнер иесі Мерейдің отбасына қалай келгенін алғаш рет ашық айтып, марқұм жұбайы Заманбек Нұрқаділовтің осы шешімді өзі ұсынғанын жеткізеді, деп хабарлайды Anyqtime.kz тілшісі Skifnews.kz сайтына сілтеме жасап.
Мақпал Жүнісованың айтуынша, қызы Мерей өз бауырынан туған. Алайда отбасылық жанжал мен қиын кезеңдерде бұл қызды асырап алу туралы бастама Заманбек ағадан шыққан.
– Бауырдың баласы маған ауыр болған жоқ. Ондай ой мүлде болмаған. Келін екі қыз тапқан, үшіншіге тағы да қыз туған соң, біздің бауыр «төркініңе кет» деп айтыпты. Осы әңгімеге ішім ашып, Зәкеңе: «Құдай-ай, біз бала сүйе алмай жүрміз, ал олар қыз тудың деп ренжиді екен», – деп айттым. Сол кезде Зәкең менің бетіме қарап тұрып, «Есің дұрыс па? Осы сәтті пайдаланып қалайық» деді де, аңдып жүріп, сол қызды алып келді. Бұл шешім менікі емес, Зәкеңдікі, – дейді Мақпал Жүнісова.
Әншінің айтуынша, сол уақытта екеуінің арасы салқындап кеткен, ал Заманбек Нұрқаділов түрлі қысым мен күйзелісте жүрген кезі болған. Бала тәрбиелеу арқылы отбасының арасын жақындатқысы келген болуы мүмкін.
– Шаршаған кезіміз еді. Үйде сәби жоқ. Бала болса, үйдің іші шулап тұрар еді деп армандайсың. Сол арман Зәкеңді әрекетке итермелеген болар, – дейді ол.
Желі қолданушылары бұл оқиғаға қатысты түрлі пікір білдірді. Көпшілігі Мерейдің Заманбек Нұрқаділовке қатты ұқсайтынын айтып, оны туған баласындай қабылдап кеткенін жазған.
– «Бала тапқандікі емес, баққандікі»,
– «Мерей тура Заманбек ағайдың өзі сияқты»,
– «Өте тәрбиелі, көкірегі ояу қыз»,
– «Біреудің емес, өз қызы сияқты көреміз»
деген пікірлер әлеуметтік желіде жиі қайталанды.
Мақпал Жүнісова мен Заманбек Нұрқаділовтің отбасы хикаясы ел есінде ерекше орын алады. Бұл жолғы шынайы әңгіме көпшілікті тағы да тебірентпей қоймады.