Роналду шешуші сәтте жарқ етті: Португалия Германияны жеңіп, Ұлттар лигасының финалына шықты
Фото: www.championat.com

Роналду шешуші сәтте жарқ етті: Португалия Германияны жеңіп, Ұлттар лигасының финалына шықты

УЕФА Ұлттар лигасының 2024/2025 маусымындағы жартылай финалында Португалия құрамасы Германияны 2:1 есебімен жеңіп, финалға жолдама алды. Кездесу Мюнхен қаласындағы «Арена Мюнхен» стадионында өтті, деп хабарлайды Anyqtime.kz тілшісі.

Матчты Словениялық төреші Славко Винчич басқарды. Алғаш болып гол соққан — Германия. 48-минутта Флориан Виртц өз командасын алға шығарды. Алайда португалдар тез ес жиып, 63-минутта Шику Консейсау таразы басын теңестірді. Одан соң көп күттірмей, 68-минутта Криштиану Роналду әдеттегідей шешуші сәтте алаңға өз қолтаңбасын қалдырды — жеңіс голы дәл соның еншісінде.

Германия бұл турнирде лайықты ойын көрсетті: топтық кезеңде Нидерланды (2:2, 1:0), Венгрия (5:0, 1:1) және Босния және Герцеговинамен (2:1, 7:0) кездесіп, төрт жеңіс пен екі тең нәтижеге қол жеткізді. Ширек финалда Италиямен қиын ойындар өткізді: 2:1 және 3:3 есебімен жалпы жеңіске жеткен.

Португалия да турнир басталғалы тұрақты нәтиже көрсетіп келеді. Топтық кезеңде олар Хорватиямен (2:1, 1:1), Польшамен (3:1, 5:1) және Шотландиямен (2:1, 0:0) ойнап, төрт жеңіс пен екі тең ойын тіркеді. Ширек финалда Даниямен алғашқы кездесуде 0:1 есебімен жеңіліп, екінші ойында 5:2 есебімен реванш алды.

Енді финалға шығатын келесі қарсылас 5 маусым күні анықталады. Испания мен Франция құрамаларының ойыны Астана уақытымен 00:00-де өтеді.

Ұлттар лигасының финалы 8 маусым күні сағат 23:45-те өтсе, үшінші орын үшін ойын сол күні 18:00-де басталады. Роналду бастаған Португалия үшін бұл — тағы бір тарихи мүмкіндік.