«Туы құлап, тас-талқан болды»: Асхат Садырбай бұрынғы әйелімен соттасып, ақталды
Фото: vk.com

«Туы құлап, тас-талқан болды»: Асхат Садырбай бұрынғы әйелімен соттасып, ақталды

Журналист әрі тележүргізуші Асхат Садырбай бұрынғы жары Айғаным Қорабаевамен арадағы сот процесінің өз пайдасына аяқталғанын мәлімдеді. Оның айтуынша, бірнеше айға созылған іс барысында өзінің кінәсіз екенін толық дәлелдеп шыққан, деп хабарлайды Anyqtime.kz тілшісі Skifnews.kz порталына сілтеме жасап.

Асхат Садырбай Instagram желісінде жариялаған жазбасында қарсы тараптың айыптары дәлелсіз екенін және бұл іске қатысы бар тұлғалардың «туы құлағанын» жазды.

– Өтіріктің құйрығы бір-ақ тұтам. Маған жала жауып, ел алдында қаралағысы келгендердің бүгін позициясы тас-талқан болды. Жалған ақпаратты жалаулатып тапқан нандарың сіңімді болсын! Ал құрбан бейнесін ойнағандардың маскасы шешілді. Сөз жүзінде емес – іс жүзінде! – деп жазды журналист.

Ол бірнеше ай бойы жалғасқан сот процесі барысында бұрынғы жары айтқан ақпараттардың бірде-бірі дәлелденбегенін айтты. Тіпті, Қорабаева сот отырысында «өзім ойдан шығарып айттым» дегендей жауап бергенін жеткізді.

– Бұл біреуге күлкі, біреуге өсек шығар. Бірақ мен үшін – өмірім мен тағдырым, – деді Садырбай.

Журналисттің айтуынша, бастапқыда бұл дауға сот арқылы нүкте қою ниеті болмаған. Ол тіпті істі медиативтік жолмен шешуге дайын болғанын, алайда қарсы тарап келісімнен айнып, жағдайды ушықтыра түскенін айтты.

– Ақпараттық шабуыл маған да, отбасымның да жүйкесіне әсер етті. Бірақ менің мақсатым біреуді жазалау емес еді. Өзімнің кінәсіз екенімді заңмен дәлелдеуден басқа амал қалмады. Моральдық өтемақы да сұраған жоқпын. Келісіммен бітсін дегенмін. Алайда жауапкер сөзінде тұрмады. Тіпті сот залына камера әкеліп, шоу жасауға тырысты, – дейді ол.

Асхат Садырбай соттың ресми шешімі мен қосымша деректерді алдағы уақытта ашық жариялайтынын да атап өтті. Сонымен қатар, өзін қолдаған жұртқа алғысын білдіріп, «Аман болыңыздар!» деп жазбасын қорытындылады.