Шерзат ісіне сот үкім шығарды: Кімге қанша жыл?
Талдықорғанда жасөспірім Шерзат Полаттың өліміне қатысты атышулы іс бойынша сот нүкте қойды. 2024 жылдың 4 қазанында болған қайғылы оқиға қоғамда үлкен резонанс тудырған еді. Бүгін қылмыстық іске қатысы бар күдіктілерге қатысты үкім жарияланды, деп хабарлайды Anyqtime.kz тілшісі.
Сот шешімі бойынша ең ауыр жаза Абзал Шынасылға берілді — ол 23 жылға бас бостандығынан айырылды. Одан кейінгі үкімдер былайша бөлінді:
Равиль Сакиев – 20 жыл,
Азамат Тоқтаубаев – 15 жыл,
Нұрқияс Ілиясов – 9 жыл,
Шыңғыс Белғожаев – 7 жыл,
Нұрбол Тоқтаубаев – 7 жыл,
Дархан Әскентай – 7 жыл,
Дидар Қалиахмет – 7 жыл,
Думан Ысқақ – 1 жыл 6 ай бас бостандығынан айыру жазасына кесілді.
Іс бойынша тергеу ұзаққа созылды. Алматы облысы Полиция департаментінің дерегінше, тергеу барысында 40 сот сараптамасы жүргізілген, 200-ге жуық куәгерден жауап алынған. Күдіктілер оқиға орнында жауап беріп, беттестіру мен басқа да тергеу әрекеттері толық жүргізілген.
Сонымен қатар сегіз бейнематериал зерттеліп, әрбір адамның әрекетіне нақты құқықтық баға берілді. Қылмыстық істің толық материалдары 62 томға жеткен.
Еске салайық, қайғылы жағдай 2024 жылдың 4 қазанына қараған түні Талғар қаласында болған. Жасөспірім Шерзат Болат қаза тапқан соң, қоғам арасында наразылық күшейіп, Ішкі істер министрлігі арнайы тергеу тобын жолдаған. Шерзаттың жақындары істің әділ тергелуін және барлық кінәлілердің жазалануын талап етті.
Кейін оқиғаға қатысты түрлі болжамдар таралып, әлеуметтік желілерде «Талғардағы өлімге бандиттердің қатысы бар» деген пікірлер айтылды. Полиция бұл ақпаратқа түсініктеме беріп, тексеру нәтижелерімен бөлісіп отырды.
Осы оқиғадан соң 12 қазанда марқұмның үйі өртеніп кеткені хабарланды. Кейін отбасына қауіпсіздік мақсатында күзет қойылды. Шерзаттың өліміне байланысты қозғалған қылмыстық істің шешімі – бүгін жарияланған сот үкімімен түйінделді.