Сот үкімінен кейінгі шу: Сакиевтің анасы тәртіп бұзып, жазаға тартылды
Шерзат Болаттың өліміне қатысты атышулы іс бойынша үкім оқылған сәтте сот залында тағы да шу шықты. 20 жылға бас бостандығынан айырылған Равиль Сакиевтің анасы эмоциясын тежей алмай, тәртіп бұзғаны үшін айыппұл арқалады, деп хабарлайды Anyqtime.kz тілшісі ALASH.KZ сайтына сілтеме жасап.
Жетісу облыстық сотында үкім жарияланғаннан кейін, Равиль Сакиевтің анасы айғайлап, журналистерге тіл тигізіп, залда дүрлігіс туғызған. Сот оның әрекетін процесс тәртібіне сай келмейді деп тауып, әкімшілік жаза ретінде айыппұл салу туралы шешім қабылдады.
Жетісу облыстық Полиция департаменті бұл оқиғаға байланысты арнайы мәлімдеме жасап, сот шешіміне құрметсіздік танытуға жол берілмейтінін қатаң ескертті.
– Полиция департаменті әділдікке қысым көрсетуге жол жоқ екеніне баса назар аударады. Сот шешімдерінің орындалуына кедергі келтіру немесе сотқа құрметсіздік білдіруге бағытталған кез келген әрекет заң аясында қатаң тоқтатылады. «Жазаның орындалмауы мүмкін емес» деген қағида бұзылмайды, – делінген ведомство хабарламасында.
Еске салайық, бұған дейін Шерзат Болаттың өліміне байланысты 9 адам түрлі мерзімге сотталған болатын. Олардың қатарында Равиль Сакиев те бар. Сот шешімі жарияланған күні залда бірден бірнеше жанжал орын алғаны хабарланған еді.