Айтбек Амангелді Шерзат Болаттың өліміне қатысты бұрын жарияланбаған құжаттарды көрсететінін мәлімдеді
Шерзат Болаттың өліміне қатысты резонансты сот ісі аяқталғаннан кейін қоғамда түрлі сұрақтар туындап жатыр. Осыған байланысты Айтбек Амангелді әлеуметтік желі арқылы өз ұстанымын білдіріп, көпшілікке түсінік беретінін жеткізді, деп хабарлайды Anyqtime.kz тілшісі Skifnews.kz сайтына сілтеме жасап.
Айтуынша, сот процесі жүріп жатқанда көп дерек ашық айтылмаған. Енді сот үкімі шыққан соң, сол кезде жариялауға болмайтын құжаттар мен мәліметтерді біртіндеп бөлісетінін айтты.
– Сот барысында ештеңе айтпауға мәжбүр болдық. Қазір сот процесі аяқталды. Сол себепті бұрын көрсете алмаған барлық құжаттарды кезең-кезеңімен жариялаймыз. Бұл – қоғамда туындаған сұрақтарға нақты жауап беру үшін қажет, – деді Айтбек Амангелді.
Ол жәбірленуші тараппен бір мақсатта болғанымен, іс жүргізу жолында өздерінің бөлек бағыт ұстанғанын да жасырмады.
– Мақсат бір – Шерзаттың өліміне кінәлілердің жазалануын талап ету. Бірақ оған жетудің жолдары әртүрлі болды. Біреудің әрекеті біреуге ұнамауы мүмкін. Біз ешкімнің назарын басқа жаққа аударғымыз келмеді. Енді адвокаттармен бірге ашық сөйлесуге, барлық сұраққа нақты жауап беруге дайынбыз. Бізде жасыратын ештеңе жоқ, – деп жазды ол.
Айтбек Амангелдінің бұл мәлімдемесі – қоғамда қызу талқыланып жатқан іске қатысты тың мәліметтер мен деректердің алдағы уақытта ашық айтылатынының белгісі.