"Міндетсінбеген жөн": Қоғам белсендісі Сәкен Майғазиевтің құдаларына берген қалың малына қатысты пікір білдірді

Бүгін, 16:01 / Теңіз Тамшыбаев
Фото: Коллаж Anyqtime.kz

Қоғам белсендісі Төлжан Иманалы әнші Сәкен Майғазиевтің ұлының үйлену тойы мен көптің назарын аударған қалың мал мәселесіне байланысты өз ойын ортаға салды, деп хабарлайды Anyqtime.kz тілшісі.

Әлеуметтік желідегі жазбасында белсенді жұртты дауласуға емес, әр отбасындағы дәстүр мен өмірлік шындықты ескеруге шақырды.

– Сәкен Майғазиев ұлын үйлендіріп жатыр екен. Қалың малына 5 миллион беріпті дейді. Біреулер көп дейді, енді бірі аз көреді. Бірақ қалың мал – тек ақша беру емес, ол қыздың төркінінің де дайындықпен, жасауымен келетін жауапкершілігін аздап бөлісу ғана. Төсек-орын, техника, ыдыс-аяқ – бәрі қыздың жасауына кіреді. Ал оны кейін жігіттің үйі де бірге пайдаланады. Демек, сол қалың мал қайта айналып өз үйіңе келеді, – дейді Төлжан Иманалы.

Ол өзінің де жақында қыз ұзатқанын, қалың малдың орнына тек «той малы» ретінде 300 мың теңге берілгенін айтты. Алайда соған қарамастан 3 миллион теңгенің жасауын дайындап жатқанын да жасырмады.

– Менің де қызым жақында ұзатылды. Наймандарда қалың мал жоқ екен. Бірақ жасау дайындап жатырмыз. Ағашы бар, техникасы бар, бәрі қарапайым. Сол төсекте болашақта менің күйеу балам мен немерелерім жатады. Сондықтан бұл тек материалдық емес, рухани жауапкершілік, – дейді ол.

Қоғам белсендісінің айтуынша, қалың мал – міндет емес, екі жақтың да сыйластығын бекемдейтін ұлттың әдемі дәстүрлерінің бірі.


Айта кетейік, осыған дейін Сәкен Майғазиев келіннің қалың малына қанша миллион бергенін жариялаған едік.

Тэгтер:

Қалың мал Сәкен Майғазиев ұлының тойы