Ақсуатта ұлттық рухты ұлықтайтын республикалық фестиваль өтуде
Абай облысының Ақсуат ауданында "Асыл бесік – Ақсуат" атты республикалық спорт және өнер фестивалі өтіп жатыр. Ауқымды шара Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына орай ұйымдастырылып отыр. Фестиваль 6 маусым күні Ақсуат мәдениет үйінде "Асыл тас" театрының "Мені тауып алшы" спектаклімен ашылды, деп хабарлайды Anyqtime.kz тілшісі.
Бүгін үш күнге созылатын мерекелік фестиваль салтанатты түрде ашылып, оған облыс әкімі Берік Уәли арнайы қатысып, құттықтау сөз сөйледі. Аймақ басшысы бұл шараның тек мерекелік жиын емес, ел бірлігі мен туған жерге жанашырлықтың айқын үлгісі екенін атап өтті.
"Абай елінде туған жерге қызмет ету, жомарттық пен елдік рух қашанда биік бағаланған. Осы жолда ерекше еңбек етіп жүрген азаматтардың бірі – кәсіпкер Дулат Тастекеев. Оның елге деген сүйіспеншілігі тек сөзбен емес, нақты іспен дәлелденіп келеді. Бұл – туған жерін сүйген азаматтың жарқын үлгісі. Ауыл – ұлттың алтын діңгегі. Осы орайда әр азаматты өңірімізді, әсіресе шалғай ауылдарды дамытуға шақырамын. Маусымның 19-20 күндері өтетін "Туған жерге туыңды тік" атты инвестициялық форумға арнайы шақырдым", – деді облыс әкімі.
Берік Уәли сондай-ақ Ақсуат ауданында жүзеге асырылып жатқан бірқатар жобаларға тоқталды. Атап айтқанда, Ақсуат ауылына кіреберіс жол төрт жолақты болып кеңейтілген, Көкжыра ауылында мәдениет үйі салынып жатыр, орталық ауруханаға күрделі жөндеу басталған. Сонымен қатар, 48 отбасы жаңа пәтер алады, Екпін және Ойшілік ауылдарында спорттық кешендер бой көтереді. Тебіске өзені арқылы өтетін көпір де жаңғыртылып жатыр. Аймақ басшысы тоқтап қалған мектеп құрылысы мен Екпін ауылындағы апатты мектептің жаңа ғимараты биылдан қалмай салына бастайтынын сүйіншілеп жеткізді.
Фестиваль аясында бүгін қазақ күресінен "Assyl Arlan" турнирі өтті. 74 келіге дейінгі салмақта (Өгіз балуан) 24 балуан, ал +74 келіде (Түйе балуан) 18 балуан бақ сынасты. Кешкілік аудан тұрғындары әнші Гүлдана Ноғайбаеваның "Елге сәлем" концерті мен "Қазақша терапия" тобының өнерін тамашалайды.
Ал 8 маусымда Екпін ауылындағы атшабарда "Assyl Tulpar" бәйгесі өтеді. Үш күндік фестиваль Ыдырыс Досханаұлы атындағы стадионда өтетін "Абай әлемі" театралдық қойылымы мен қазақ эстрада жұлдыздарының Гала-концертімен аяқталады.