«Маған қарай жүгірді»: Абзал Шынасыл әйнекті сындырып, адвокатқа тап бермек болған
Шерзат Болаттың өліміне қатысты үкім шыққан соң, сот залында күтпеген жағдай орын алды. Негізгі айыпталушы Абзал Шынасыл шыны қоршауды бұзып, жәбірленуші тараптың адвокатына қарай ұмтылған. Бұл туралы қорғаушы Мейірман Шекеев әлеуметтік желіде хабарлады, деп жазады Anyqtime.kz.
— Үкім шыққаннан кейін сотталушылардың әрекетін өз көзімізбен көрдік. Әйнекті сындырып, маған қарай ұмтылды. Мақсаты — қорқыту, қысым көрсету. Бірақ мен ондайдан қорықпаймын. Асарымды асап, жасарымды жасаған адаммын, — деді адвокат.
Оның айтуынша, сотталушылар тарапынан үкімге дейін де қысым мен арандату әрекеттері байқалған. Егер олар кінәсін мойындап, шынайы өкініш білдірсе, жазаның жеңілдеуіне мүмкіндік болар еді дейді Шекеев.
— Мен сотталушыларға да, олардың қорғаушыларына да кеңес бердім. Бірақ өкінішке қарай, олар дұрыс бағытта әрекет етпеді, — деді ол.
Еске салайық, 5 маусымда Шерзат Болаттың ісі бойынша 9 адамға үкім шыққан болатын. Бас айыпталушы Абзал Шынасыл 23 жылға, Равиль Сакиев 20 жылға сотталды. Қалған жеті айыпталушы 1,5 жылдан 15 жылға дейін түрлі мерзімге бас бостандығынан айырылды.