Белгілі мұнайшы-геолог Балтабек Қуандыков өмірден озды
Қазақстанның мұнай-газ саласына еңбегі сіңген көрнекті маман, геология-минералогия ғылымдарының докторы, әл-Фараби атындағы ғылым мен техника саласындағы Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Қашаған кен орнын алғаш ашушылардың бірі — Балтабек Мұқанұлы Қуандыков 77 жасында дүниеден өтті, деп хабарлайды Anyqtime.kz тілшісі "Ак Жайык" сайтына сілтеме беріп.
Балтабек Қуандыков 1948 жылғы 21 тамызда Атырау облысының Мақат ауылында дүниеге келген. 1971 жылы Ленин атындағы Қазақ политехникалық институтын инженер-геолог мамандығы бойынша тәмамдаған.
Еңбек жолын 1971 жылы бастаған ол еліміздің геология және мұнай-газ барлау саласында түрлі жауапты қызметтер атқарды. Атап айтқанда:
1971–1975 жж. – Биікжал терең бұрғылау экспедициясында инженер-геолог;
1975–1977 жж. – Эмбі аудандық партия комитетінің нұсқаушысы;
1977–1979 жж. – Атырау облыстық комсомол комитетінің хатшысы;
1979–1982 жж. – «Қазмұнайгазбарлау» басқармасының геология бөлімінің басшысының орынбасары;
1982–1991 жж. – «Атыраумұнайгазгеология» бірлестігінде геология бөлімінің басшысы, кейін бас геолог;
1991–1993 жж. – Геология және жер қойнауын қорғау жөніндегі мемлекеттік басқарма басшысы, министрдің орынбасары;
1993–1997 жылдары — «ҚазақстанКаспийШельф» мемлекеттік компаниясының президенті, сондай-ақ «Қазахойл» ұлттық компаниясының вице-президенті қызметін атқарды.
1997 жылдан бастап — «Қазахойл» АҚ президенті,
1998 жылдан — Калифорнияда орналасқан «Chevron Overseas Petroleum» компаниясының орталық кеңсесінде бас кеңесші,
2001 жылдан — «Nelson Resources Limited» компаниясының президенті,
2006 жылдан — «Meridian Petroleum» компаниясының президенті болды.
Балтабек Мұқанұлы Қуандыков Қазақстан аумағындағы ірі мұнай-газ кен орындарын ашуға және оларды игеруге белсенді атсалысты. Оның қатысуымен Қашаған, Қарашығанақ, Кеңбай, Имашев, Жаңажол, Әлібекмола, Арман сияқты кен орындары зерттеліп, іске қосылды.
Энергетика министрлігі марқұмның қазасына байланысты былай деп хабарлады:
«Балтабек Мұқанұлының бүкіл ғұмыры еліміздің минералдық-шикізаттық әлеуетін арттыруға және энергетикалық тәуелсіздігін нығайтуға арналды. Ол Қазақстандағы ең ірі мұнай-газ кен орындарының ашылуы мен игерілуіне баға жетпес үлес қосты. Сондай-ақ бірқатар жетекші сала ұйымдарына басшылық етті».
«Ол – елімізге танымал ғалым, геология саласында ондаған ғылыми мақала мен іргелі еңбектің авторы. Оның еңбегі «Құрмет», «Парасат», ІІІ дәрежелі «Барыс» ордендерімен және Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлығымен марапатталды. Біз өз ісіне адал, кәсіби біліктілігі жоғары маманды ғана емес, еліне шын берілген патриотты жоғалттық. Бұл – Қазақстанның геология және мұнай-газ саласы үшін орны толмас қайғы. Балтабек Мұқанұлы Қуандыковтың жарқын бейнесі оны білетін әріптестерінің, шәкірттерінің, достары мен серіктестерінің жүрегінде мәңгі сақталады».