Әлемге әйгілі әнші Димаш Құдайберген Лондонда өткен алғашқы фан-кездесуінде Қазақстанның болашағы мен қазақ тілі жайлы пікірін білдірді, деп хабарлайды Anyqtime.kz тілшісі.
Бұл сұрақты оған жас жанкүйері – Кәусар Қараман қойды.
— «Өткенге өкпе жоқ» дейді, ал біз келешекке үмітпен, нық қадаммен бірге ұмтылуымыз керек. Еліміздің тағдыры, болашағы – өз қолымызда. Көпке топырақ шашқым келмейді, бірақ қазақ баласы ретінде замандастарымның, отандастарымның ана тілінде еркін сөйлегенін көргім келеді, — деді Димаш.
Әнші жалғыз қалған сәтте не туралы ойлайтынын да жасырмады.
— Көбіне өмір жайлы, жұмыс, отбасы, достарыммен қарым-қатынас туралы ойланамын. Өткен өмір мен болашақ та ойға оралады. Ерекше ештеңе жоқ, — деп жауап берді ол.
Димаш Құдайберген — Қазақстанның халық әртісі, 2015 жылы Витебскіде өткен “Славян базары” байқауында Гран-при иегері. 2017 жылы Қытайдың The Singer жобасында екінші орынды иеленіп, әлемдік сахнаға жол ашты. Оның дауыс диапазоны — 7 октаваға дейін.
Сонымен қатар Димаш — қазақ тілінің белсенді насихаттаушысы. Ол шетелдік сахналарда жиі қазақ тілінде ән шырқап, тыңдармандарын қазақ тіліне қызықтыру арқылы мәдениетімізді әлемге танытып жүр. Оның өнерінен кейін қазақ тілін үйренуге ынталы шетелдік фанаттар көбейіп келеді.