Қорғаныс министрлігіне жаңа басшы келді: Жақсылықов қызметінен кетті, орнына Қосанов тағайындалды
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен генерал-полковник Руслан Жақсылықов Қорғаныс министрі лауазымынан босатылды. Ол бұл қызметті 2022 жылдың қаңтарынан бері атқарып келген, деп хабарлайды Anyqtime.kz тілшісі.
Жаңадан Қорғаныс министрі болып Дәурен Қосанов тағайындалды. Бұл туралы Ақорда ресми түрде хабарлады. Қосанов бұған дейін Қарулы Күштердің Әуе қорғанысы күштерінің бас қолбасшысы және министрдің орынбасары қызметін атқарған.
Министр лауазымына дейінгі жол
Дәурен Жұматайұлы Қосанов 1969 жылы 14 қазанда Павлодар облысындағы Новотроицкое ауылында дүниеге келген. Ол әскер қатарында түрлі жауапты қызметтер атқарған:
– Үшаралдағы әскери полкте қызмет етті;
– Талдықорғандағы "Су-27" эскадрильясының командирі болды;
– Қарағанды және Шымкенттегі авиабазаларды басқарды;
– Әуе қорғанысы күштерінің қолбасшысы қызметін атқарды;
– Ақтөбедегі әскери институтты басқарды.
2022 жылдың соңында Президент Жарлығымен Әуе қорғанысы күштерінің Бас қолбасшысы болып бекітілген. Ал 2024 жылы Қорғаныс министрінің орынбасары – Әуе қорғанысы күштерінің бас қолбасшысы қызметіне тағайындалған еді.
Ол – "Әскери ұшқыш-мерген" мәртебесіне ие, II дәрежелі «Даңқ» орденінің, "Жауынгерлік ерлігі үшін" медалінің және бірқатар мерейтойлық наградалардың иегері.