Танымал продюсер Баян Алагөзова күйеуі Тұрсын Алагөзовтің бұрынғы әйелі Ляйсира Маратқызының даулы мәлімдемесіне әлеуметтік желіде жауап берді, деп хабарлайды Anyqtime.kz тілшісі.
Бұған дейін Ляйсира “Тұрсын Сатыбалды арқылы біздің бизнесімізді тартып алды” деп мәлімдеген болатын.
Баян бұл айыптауларға ашық әрі қатаң түрде жауап қатты.
“Отбасым, күйеуім, қыздарым туралы теріс сөздерді естіп отыра алмаймын. Маған жазылған хэйт-комментарийлер үшін сендерге мың алғыс! Әрбір негатив – бізден жаман энергияны алып кетіп жатыр. Сендердің жалаларың өздеріңе қайтып барып, өз тағдырларыңды улайды”, – деп жазды ол.
Продюсер бұл айыптауларды “жала” деп бағалап, қажет болса, қолындағы барлық дәлелді құжаттарды жариялауға дайын екенін ескертті.
“Тынышталмасаңдар, кім қайда, қашан, не сұрады – бәрін куәгер ретінде айтып бере аламын. Өтірікпен ойнауды доғарайық”, – деп түйіндеді Баян Мақсатқызы.