Астанада "EXPO"-ға қатысты жемқорлық фактісімен қылмыстық іс тергелуде
EXPO-2017 халықаралық көрмесіне байланысты құрылыстар кезінде мемлекет қаржысының мақсатсыз жұмсалғаны туралы тағы бір қылмыстық іс қозғалды. Қазіргі уақытта тергеу амалдары жүргізіліп жатыр, деп хабарлайды Anyqtime.kz тілшісі Stan.kz сайтына сілтеме жасап.
Айта кетейік, көрме инфрақұрылымын "Астана ЭКСПО-2017" ұлттық компаниясы қолға алған болатын. Жуырда мәжіліс депутаты Ермұрат Бапи бас прокуратурадан EXPO нысандарын салу кезінде орын алған жемқорлық фактілері бойынша бұрын қозғалған істі қайта қарауды талап етті.
Депутаттың бұл талабына себеп — компанияның бұрынғы басқарма төрағасының орынбасары Мұрат Омаровтың БАҚ беттерінде жарияланған сұхбаты. Экс-менеджердің айтуынша, сол жылдары ұлттық компания басшысының кеңесшісі болған Айдос Есполов бірнеше рет пара алғанымен, іс материалдарында ол «белгісіз тұлға» ретінде ғана көрсетілген.
Бұл жағдайдан соң басқа да бірнеше депутат бас прокурор Берік Асыловқа ресми сауал жолдады.
Берік Асыловтың айтуынша, қазіргі таңда Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі «ЭКСПО» жобасы аясындағы қаржы ұрлығына қатысты қылмыстық істі тергеп жатыр. Тергеу барысында қаражатты офшорлық компаниялар арқылы шетелге шығару секілді схемалар да тексерілуде.
Сонымен қатар, бас прокурор бұрын бұл іс бойынша сотталған тұлғаларға қатысты үкімдерді қайта қарауға негіз жоқ екенін мәлім етті.