Қазақстанда 13 ауыл ішімдіктен толық бас тартты
Солтүстік Қазақстан облысында бірқатар ауылдар ішімдіктен түбегейлі бас тарту жөнінде бастама көтеріп, нақты іске кіріскен. Қазірдің өзінде өңірдегі 13 ауылда алкоголь өнімдері мүлде сатылмайды, ал мерекелік жиындар ішімдіксіз өтеді, деп хабарлайды Anyqtime.kz тілшісі Хабар 24 арнасына сілтеме жасап.
Мұндай ауылдардың бірі – Ресеймен шекаралас Сулышоқ ауылы. Мұнда 50 шақты үй бар. Ауыл тұрғындары ақсақалдардың бастамасын қолдап, ортақ шешімге келген.
“Арақ-шарап сатпайтын, жастарға үлгі болатын байсалды ауыл болайық деп шештік. Бұл – облыста басталып жатқан игі бастамалардың жалғасы. Қариялар болып ақылдасып, бір ауыздан қолдадық”, – дейді ауыл тұрғыны Тоқтамыс Жанбүтенов.
Сулышоқта енді той-жиындар ішімдіксіз өтеді. Тұрғындардың айтуынша, бұл қадам құқық бұзушылықтардың алдын алуға оң әсерін тигізіп отыр. Соңғы жылдары елді мекенде ұрлық, тәртіп бұзу секілді оқиғалар тіркелмеген.
“Жастарымыз арақ-шараптан бойын аулақ ұстайды. Қазақы ортада өскен соң, ұлттық болмысты да сақтап отыр. Біздің округ учаскелік полициямен бірлесе жұмыс істейді, тәртіп – тұрақты бақылауда”, – дейді Өспен ауылдық округінің әкімі Сарагүл Бейсенбаева.