«Екеуіміз де отбасылы болдық»: Баян Алагөзова Тұрсын Алагөзовпен алғашқы кездесуі жайлы ашық айтты
Танымал продюсер Баян Мақсатқызы Тұрсын Алагөзовпен арақатынасы туралы бұрын-соңды айтпаған сырларымен бөлісті. Ол жұбайымен алғаш кездескен сәтті, бұрынғы некесімен салыстырмалы түрде сипаттап берді, деп хабарлайды Anyqtime.kz тілшісі Azattyq Rýhy-на сілтеме жасап.
Продюсердің айтуынша, Тұрсын Алагөзовпен алғаш кездескенде өзі 42 жаста болған.
“Үш сағат бойы сөйлестік, әрі қарай тоқтай алмадық. Бұл үш сағаттың барлығында мен ғана сөйлеп отырдым, ал ол тыңдап отырды. Бұрынғы күйеуіммен ондай әңгіме болмаған. Күнделікті тұрмыстық тірлік қана”, – дейді Баян.
Оның сөзінше, Тұрсынмен алғаш тілдескен сәттен-ақ шынайы байланысты сезінген.
“Мен оған бәрін айтып бергім келді. Әлі күнге дейін солай: бірге отырып сағаттап сөйлесеміз. Ол үндемей қалса, «не болды, бүгінгі күнің қалай өтті деп неге сұрамайсың?» деп өзім сұраймын. Содан екеуіміз бір-бірімізді тыңдап отырамыз”, – деп ағынан жарылды продюсер.
Баян Мақсатқызы алғашқы кездесуде екеуі де отбасылы болғанын жасырмады. Соған қарамастан, өз сезімін тоқтата алмағанын мойындады.
“Бұл кездесудің өмірімізді түбегейлі өзгертіп жіберетінін ойламадық. Бірақ бір қарағанда, оның – менің адамым екенін түсіндім. Ол да солай сезген болса керек. Тоқтай алмадық. Бұл сәтте қандай күш болса да тоқтата алмайтынын түсінесің. Себебі сен өз адамыңды жолықтырғаныңды білесің”, – деді Баян Алагөзова.