Павлодар облысында 700-ден астам әлеуметтік нысан мүмкіндігі шектеулі жандарға бейімделді
Павлодар облысында мүгедектігі бар азаматтардың құқығын қамтамасыз ету және олар үшін қолайлы орта қалыптастыру мақсатында 743 әлеуметтік инфрақұрылым нысаны бейімделді. Бұл туралы ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мәлімдеді, деп хабарлайды Anyqtime.kz тілшісі.
Қазіргі уақытта елімізде инклюзивті саясатты жүзеге асыру үшін бірқатар жобалар қолға алынған. Атап айтқанда, 2025-2030 жылдарға арналған инклюзивті саясат тұжырымдамасы, «Аманат» партиясының 2023-2027 жылдарға арналған жол картасы және Мемлекет басшысының тапсырмасымен іске қосылған «Халықпен бірге» жобасы жұмыс істеуде.
«Amanat» партиясының жол картасы аясында 42 мыңнан астам нысан интерактивті қолжетімділік картасына енгізіліп, кезең-кезеңімен бейімделуі көзделген. 2023 жылы сол нысандардың 20%-ы бейімделсе, 2024 жылы – 40%, 2025 жылы – 60%, 2026 жылы – 80%, 2027 жылы – 100%-ына дейін жетуі тиіс. Қазіргі таңда республика бойынша 23 206 нысан бейімделіп үлгерген.
Павлодар облысында бүгінгі күні 743 нысан бейімделген. 2025 жылдың соңына дейін тағы 299 нысанды бейімдеу жоспарланып отыр. Сонымен қатар, облыстағы халықты әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитетінің департаменті биылғы жылдың басынан бастап 6 профилактикалық және 1 жоспардан тыс тексеру жүргізген. Тексеру нәтижесінде анықталған заңбұзушылықтарға байланысты 7 нұсқама енгізілген.
Айта кетерлігі, егер меншік иелерінің нысандарында алғаш рет бұзушылық анықталса, олар әкімшілік жауапкершілікке тартылмайды. Ал белгіленген мерзімде нұсқама орындалмаған жағдайда айыппұл салынады.