Қазақстан мен Болгария президенттері ынтымақтастықты тереңдетуге уағдаласты
Фото: Ақорда

Қазақстан мен Болгария президенттері ынтымақтастықты тереңдетуге уағдаласты

Қасым-Жомарт Тоқаев пен Болгария Президенті Румен Радев келіссөзді екі ел делегацияларының қатысуымен кеңейтілген құрамда одан әрі жалғастырды, деп хабарлайды Anyqtime.kz.

Қазақстан Президенті болгар делегациясының құрамының ауқымдылығын екіжақты ынтымақтастықты нығайтуға тың серпін ретінде бағалап, елдер арасындағы сауда-саттықтың тұрақты өсіп келе жатқанын айтты. Мәселен, биылғы төрт айда өзара сауда көлемі 83 миллион доллардан асып, өткен жылы бұл көрсеткіш 375 миллион долларға дейін төрт есе ұлғайған.

– Қазақстан экономикалық ынтымақтастықты әртараптандыруға және энергетика, ауыл шаруашылығы, денсаулық сақтау мен туризм салаларында бірлескен инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға бейіл, – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев болгар компанияларымен және инвесторлармен өзара ықпалдастықты қолдайтынын білдіріп, Сауда-экономикалық ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссияның бұл бағыттағы рөлін ерекше атап өтті.

Болгария Президенті де өз сөзінде қонақжайлық үшін алғысын білдіріп, елдер арасындағы көпжақты қарым-қатынасты тереңдетуге барлық мүмкіндік бар екенін жеткізді.

– Болгария Қазақстанды Орталық Азиядағы басты стратегиялық серіктесі санайды. Екі ел, сондай-ақ Еуропа Одағы мен Қазақстан арасындағы ынтымақтастықты дамытуда геосаяси артықшылықтарға сүйенуіміз қажет. Бұл Азия мен Еуропаны байланыстыруда маңызды рөл атқарады, – деді Румен Радев.

Келіссөз барысында тараптар қазақ-болгар серіктестігін одан әрі дамытатын жаңа бастамаларды жүзеге асыруға ниетті екендерін нақтылады.

Кездесу соңында екі ел арасындағы өзара әріптестікті нығайтуға бағытталған мынадай құжаттарға қол қойылды:

  • Қазақстан Республикасы Көлік министрлігі мен Болгария Республикасы Көлік және коммуникациялар министрлігі арасындағы Транскаспий халықаралық көлік дәлізін дамыту бойынша өзара түсіністік туралы меморандум;
  • Астана мен София қалалары арасындағы өзара түсіністік туралы меморандум;
  • Шымкент пен Пловдив қалалары арасындағы бауырластық байланыс орнату туралы меморандум;
  • ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы мен Болгария Сыртқы істер министрлігінің Дипломатия институты арасындағы өзара түсіністік туралы меморандум;
  • «Қазақстанның сыртқы сауда палатасы» ЖШС мен Болгарияның сауда-өнеркәсіп палатасы арасындағы өзара түсіністік туралы меморандум.