Қазақстанның 3000-нан астам ауылына жоғары жылдамдықты интернет жеткізіледі
Елімізде 3000-нан астам ауылды жоғары жылдамдықты интернетпен қамтуды көздейтін ауқымды жоба басталды. Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі мен «Қазақтелеком» АҚ осы мақсатта инвестициялық келісімге қол қойды, деп хабарлайды Anyqtime.kz.
Бұл келісім аясында талшықты-оптикалық байланыс желісін тарту жұмыстары жоспардан бір жыл бұрын — 2026 жылдың соңына дейін аяқталмақ. Ал еліміздің шалғай өңірлеріндегі ауылдар 2027 жылдың соңына дейін жерсеріктік арналар арқылы интернетпен қамтылады. Жобаның нәтижесінде 2027 жылдың соңына дейін ауылдардың 99 пайызы жоғары жылдамдықты интернетке қол жеткізеді деп күтілуде.
Интернетке ең алдымен мектептер, ауруханалар, әкімшіліктер, бюджеттік ұйымдар мен шекарадағы 40-тан астам өткізу бекеттері қосылады. Ауылдық елді мекендердің 88 пайызы талшықты-оптикалық, 12 пайызы жерсеріктік технологиялар арқылы желіге қосылады. Жалпы жобаға тартылған инвестиция көлемі — 239 миллиард теңгеден асады. Айта кетерлігі, бұл — тек бюджеттен тыс қаражат.
Сонымен қатар, ауылдарда ұялы байланыстың сапасын арттыру мақсатында базалық станциялар инфрақұрылымы да күшейтіледі. Бұл үшін талшықты-оптикалық желі тікелей станцияларға дейін жеткізіледі.
Министр Жаслан Мәдиевтің айтуынша, бұл жоба ауылдарды интернетке қосудан бөлек, оларды елдің цифрлық экожүйесіне тартуға жол ашады. Бұл білім, медицина және мемлекеттік қызметтерге тең қолжетімділікті қамтамасыз етеді. Сонымен қатар, ауыл жастары мен мектептері үшін жаңа кәсіби мүмкіндіктер туындайды.
«Қазақтелеком» АҚ басқарма төрағасы Бағдат Мусин де бұл бастаманың маңызын атап өтіп, цифрлық теңсіздікті жою ауылдан басталуы тиіс екенін айтты. Оның сөзінше, бүгінде интернет сән емес, базалық қажеттілікке айналған.