"Тамыр-таныстық па?" — Көкшетау әкімінің кеңесшісі 16 жасында еңбек жолын бастады деген ақпарат тарады
Көкшетау қаласы әкімінің коммуникациялар жөніндегі кеңесшісі болып 26 жастағы Айым Тұрапекованың тағайындалуы әлеуметтік желіде бірден үлкен пікірталас тудырды, деп хабарлайды Anyqtime.kz.
Неге дейсіз бе? Ресми өмірбаянына сенсек, Айым еңбек жолын 2015 жылы — небәрі 16 жасында — премьер-министр кеңсесінде тағылымдамадан өтуші ретінде бастаған. Алайда кейін бұл дерек түзетіліп, тағылымдама мерзімі 2019 жыл деп көрсетілді. Ақыры ол ақпарат мүлде алып тасталды. Ал премьер-министрдің баспасөз қызметі Тұрапекованың ол мекемеде ешқашан жұмыс істемегенін ашық мәлімдеді.
Фото: Скриншот / Stan.kz
Осыдан кейін жұрттың күдігі күшейді. Журналист Гүлбану Әбенова Тұрапекова мен қала әкімі Әнуар Күмпекеевтің екеуі де Павлодардан екенін айтып, бұл тағайындаудың астарында таныстық жатыр ма деген сұрақ қойды. Оның үстіне жаңа кеңесшінің PR саласында еңбек өтілі де байқалмайды.
— Егер төрт бірдей дипломы бар әкім коммуникация саласында тәжірибесі жоқ кеңесшіге жүгінсе, онда бұл қай деңгейдегі басқару? Қалада бірде-бір кәсіби маман қалмады ма? — деп жазды журналист.
Желіде "бұл кадрлық шешім неліктен қабылданды?" деген сауалдар әлі де көбейіп келеді. Түсініктеме берген ешкім жоқ.