«Әрең жүріп жүр»: Сәкен Майғазиевтің анасы немересінің тойына бара алмайтын болды
Фото: видео скриншот

«Әрең жүріп жүр»: Сәкен Майғазиевтің анасы немересінің тойына бара алмайтын болды

Әнші Сәкен Майғазиев ұлының алдағы тойына анасының денсаулығына байланысты қатыса алмайтынын мәлімдеді, деп хабарлайды Anyqtime.kz тілшісі.

Өнер иесі әлеуметтік желідегі парақшасында анасының жолдаған сәлемін бөлісіп, оқырмандарына аналық тілекті жеткізді. Айтуынша, анасы бұған дейін өзі үйленуді бұйырған немересінің тойына баруға шама таппай отыр.

«Менің халімді көздеріңмен көріп жүрсіңдер, жасарып бара жатқан жоқпын. Күннен күнге қайратым кеміп, қауқарым кетіп барады. Мені зарықтырмай Әділетімді үйлендіріңдер, тапсырма сол!» – деген болатын анасы екі ай бұрын. «Үйлен деп өзім тапсырма беріп алып, енді тойға бара алмай қалсам, ренжімеңдер», – деп қалжыңмен жеткізген сәлемін де Майғазиев бөлісті.

Әншінің айтуынша, анасы бүгінде 89 жаста. Соған қарамастан өзін 94-темін деп әзілдейтін көрінеді. Бірақ қазір жүрісі баяулап, есте сақтау қабілеті әлсіреп бара жатқанын байқау – баласы үшін жанға бататын жағдай.

«Бір бөлмеден екінші бөлмеге әрең жетіп жүр. Бұл – жүрегіңді сыздатып, көңілге салмақ салатын сәттер», – деп жазды Майғазиев.

Дегенмен әнші анасына келін шайын ішкізіп, ақ батасын алу үшін тойдан кейін ауылға арнайы баратындарын жеткізді. «Алла қаласа, Әділетіңіз бен Әдияңызды ертіп, өзіңізге сәлем бере келеміз. Алла сізге ұзақ ғұмыр мен күш-қуат берсін», – деп түйіндеді ол.