Шерзат Полат ісі: сот отырысының онлайн-трансляциясын 40-тан астам ел көрген
Өткен бейсенбіде марқұм Шерзат Полаттың өліміне қатысты іс бойынша сот үкімі жарияланды. Бұл сот процесін онлайн-трансляциялау тобының жетекшісі Перизат Сәдуақас-Хайруллина екі айға созылған жұмыстың қорытындысын жариялады, деп хабарлайды Anyqtime.kz.
Шерзат Полат ісі бойынша сот процесі 2025 жылдың 10 сәуірінен бастап екі ай бойы Жоғарғы Соттың ресми YouTube арнасында онлайн көрсетілді. Осы уақыт аралығында 36 хабар таратылып, жалпы ұзақтығы 80 сағаттан асқан эфирлер жүргізілді.
Перизат Сәдуақас-Хайруллина өзінің Facebook парақшасында процесс өте ауыр және эмоцияға толы болғанын атап өтті.
«Үкім оқылған күн ерекше ауыр болды», – деп жазды ол. Трансляцияның қаралымы миллионнан асқанын да айтты.
Жоғарғы Соттың ресми YouTube арнасындағы тікелей трансляциялардың ең көп көргендер 25-34 жас аралығындағы көрермендер болды. Сонымен қатар, 13-17 жас аралығындағы жасөспірімдер де процесті бақылап отырған. Жалпы алғанда, көрермендердің 58,3 пайызы әйелдер болса, 41,7 пайызы ерлер болған.
Тікелей эфирді 42 елдің азаматтары тамашалаған. Олардың ішінде Қазақстаннан бөлек, Өзбекстан, Қырғызстан, Ресей, Беларусь, Украина, Моңғолия, Қытай, Гонконг, Оңтүстік Корея, Жапония, Вьетнам, Түркия, Сауд Арабиясы, БАӘ, Катар, Ұлыбритания, Франция, Австрия, Германия, Швейцария, Дания, Италия, Испания, Кипр, Латвия, Болгария, Румыния, АҚШ, Канада, Австралия және тағы басқа елдер болды.
Трансляцияның миллионнан астам қаралымы бұл сот ісіне қызығушылықтың өте жоғары екенін көрсетеді. Бұл процесс Қазақстанда ғана емес, әлемнің түрлі елдерінде де зор назарға ие болды.