«Qurban 2025» қорытындысы: ҚМДБ 81 мыңнан астам отбасыға құрбандық етін үлестірді
6–8 маусым аралығында Құрбан айт мерекесіне орай елімізде «Qurban 2025» республикалық қайырымдылық акциясы өтті. Қайырымдылық шарасын Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы ұйымдастырды, деп хабарлайды Anyqtime.kz.
Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының бастамасымен құрылған республикалық штаб құрбан шалу рәсімдерін жүйелі түрде үйлестіріп, ел көлемінде ауқымды көмек көрсету жұмыстарын атқарды. Азаматтар құрбандықты QURBAN.MUFTYAT.KZ сайты арқылы онлайн тапсырыс беріп, сондай-ақ жергілікті қасапханаларда офлайн түрде де шалуға мүмкіндік алды.
Акция барысында республика бойынша 36 046 мал құрбандыққа шалынды. Оның ішінде 31 906 қой, 1 973 ешкі, 2 119 ірі қара және 48 түйе бар. Сойылған малдың еті арнайы қабылдау пункттеріне жиналып, дін қызметкерлері мен еріктілердің көмегімен көмекке мұқтаж отбасыларға таратылды.
Барлығы 2 149 онлайн тапсырыс қабылданып, 809 адамнан құралған штаб мүшелері ел бойынша жұмыс атқарды. Соның нәтижесінде 81 793 отбасыға құрбандық еті жеткізілді.
Сонымен қатар, құрбандық еті еліміздегі 1 236 әлеуметтік мекемеге, оның ішінде мүмкіндігі шектеулі азаматтарға арналған қорлар мен қоғамдарға, ауруханалар мен қарттар үйлеріне де үлестірілді.