Түркияда барған туристердің банк шоттары жаппай тоналды
Фото: www.freepik.com

Түркияда барған туристердің банк шоттары жаппай тоналды

Түркияның әйгілі курорттарында бұрын-соңды болмаған алаяқтық схеманың беті ашылды. Жергілікті құқық қорғау органдары ұйымдасқан қылмыстық топтың шетелдік туристердің банктік деректерін заңсыз иеленіп, шоттарынан кемінде 15 миллиард теңгеден астам қаражат ұрлағанын мәлімдеді, деп хабарлайды Anyqtime.kz тілшісі Inbusiness.kz сайтына сілтеме бере отырып.

Құқық қорғау органдарының мәліметінше, қылмыстық схеманы Кушадасы қаласындағы белгілі бір қонақүйдің иесі ұйымдастырған. Ол туристердің карталық деректерін жинап, оларды өзге қонақүйлер мен көлік жалдау компанияларындағы сыбайластарына беріп отырған. Туристерге ешқандай қызмет көрсетілмесе де, олардың карталарынан ірі көлемде қаражат алынған.

Бұл операция барысында Түркияның бес өңірінде — Измир, Ыстамбұл, Анталия, Айдын және Муглада — 20 адамнан тұратын топ ұсталды. Тергеу кезінде олар заңсыз табысты жылжымайтын мүлікке, көлікке және жалған бизнес желілеріне айналдырғаны анықталды. Барлығы 268 шетелдік азамат алаяқтық әрекеттердің құрбанына айналған, бұл сан алдағы уақытта артуы мүмкін.

Тағы бір алаңдататын жайт — туристердің есепшотынан қаражат елге оралғаннан кейін шешіліп отырған. Көпшілігі бұл жағдайды кеш түсініп, Түркиядағы құқық қорғау органдарына жүгінбеген.

Түркияның Ішкі істер министрі Әли Йерликая операция барысында 1,1 миллиард лира (шамамен 14,9 миллиард теңге) көлеміндегі қаражаттың тәркіленгенін хабарлады. Бұл іске күдіктілердің шетелдегі сыбайластары да тартылғаны айтылып отыр.

Мамандар бұл жағдай Түркияның «туристер үшін қауіпсіз ел» деген халықаралық беделіне үлкен соққы болғанын айтады. Бұдан бөлек, сарапшылар шетелге шыққанда банк карталарына лимит қою, қолданылуын бақылап отыру және дербес деректерге сақ болуға кеңес береді.

Түркиядағы бұл жанжал — биылғы жылы орын алған жалғыз оқиға емес. 2025 жылдың қаңтарында Ыстамбұлда туристердің ақшасын алдап алған 30 күдікті ұсталған болатын. Олардың арасында такси жүргізушілері де болған.