«Ішіне қыл сыймайтын адам екенсің»: Төреғали Төреәлінің әкесі күйеубаласын сынағандарға шүйлікті
Төреғали Төреәлінің қарындасы Фариза күйеуімен бірге әкесіне көлік сыйлаған сәттің видеосын әлеуметтік желіге жүктеген еді. Видеода олардың қайын атаға тосын сый жасап, көлік кілтін табыстағаны бейнеленген, деп хабарлайды Anyqtime.kz.
Көпшілік бұл көрініске қуанып, ақ тілегін білдіріп жатса, енді бірі сыйланған көліктің маркасын сөз етіп, сынға алған.
Аталған пікірлерге Төреғали Төреәлінің әкесі Төреәлі Төлепов жауап беріп, желіде жазба қалдырды.
"Жеке пікіріңді жеке өзіңе айт. Бұл – көптің ортасы. Ішің тарылып, не жазарыңды білмей жатсаң, ойланып барып жаз. Өзің әкеңе велосипед алып бердің бе? Бір нәрсе берген болсаң, видеоңды салып көрсетші? Біз жақсы сөзімізді жазайық. Не болса да, ішіне қыл сыймайтын адам екенсің. Алла аясын! Мұның барлығы – перзенттердің қамқорлығы. Бірақ шын мәнінде беріп жатқан – Алла. Оларға қарсы жазғаның – Жаратқанның берген нығметіне айтылған сын деп түсін", – деді ол.