Мемлекет басшысы ЕҚЫҰ-ның іс басындағы төрағасы Элина Валтоненді қабылдады
t.me/aqorda_resmi

Мемлекет басшысы ЕҚЫҰ-ның іс басындағы төрағасы Элина Валтоненді қабылдады

Мемлекет басшысы ЕҚЫҰ-ның іс басындағы төрағасы Элина Валтоненді қабылдады, – деп хабарлайды Anyqtime.kz.

Ақордада Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының (ЕҚЫҰ) іс басындағы төрағасы, Финляндияның сыртқы істер министрі Элина Валтоненмен кездесті.

 Мемлекет басшысы Элина Валтоненнің ЕҚЫҰ-ны аймақтық және жаһандық қауіпсіздік тұрғысынан күрделі кезеңде басқарып отырғанын атап өтіп, оның жұмысына қолдау білдірді.

– Биыл біз Хельсинки қорытынды актісінің 50 жылдығын атап өтеміз. Жарты ғасыр өтсе де бұл құжат егемендік, аумақтық тұтастық және адам құқықтарын құрметтеу қағидаттарын бекіте отырып, еуропалық қауіпсіздіктің негізі болып қала бермек. Қазақстан осы құндылықтарды берік ұстанады, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сондай-ақ Президент Қазақстан мен Финляндия арасындағы дипломатиялық байланыстардың оң қарқынын атап өтті. Ол Финляндияны Скандинавия аймағындағы еліміздің ұзақ жылғы серіктесі ретінде бағалап, екіжақты ынтымақтастықты одан әрі тереңдетуге ниетті екенін жеткізді.

Өз кезегінде Элина Валтонен ЕҚЫҰ Қазақстанмен және тұтастай Орталық Азия өңірімен ынтымақтастықты нығайтуға мүдделі екенін айтты.

– Қазақстанның халықаралық аренадағы абыройын бекітуге үлкен күш-жігер жұмсап отырсыз. Соның арқасында еліңіз өзін аймақта және әлемде ықпалды орта держава ретінде танытты. Қазақстан ЕҚЫҰ секілді ұйымдардың жұмысына белсенді атсалысу арқылы жаһандық деңгейдегі беделін нығайта береді. Біз Сіздің қазіргідей күрделі кезеңдегі, әсіресе, экономика және экология салаларындағы қызметіңізді жоғары бағалаймыз. ЕҚЫҰ-ның Астанадағы бағдарламалық кеңсесімен ынтымақтастық айтарлықтай табысты дамып келеді, – деді ұйым төрағасы.

Кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев Финляндия Президенті Александр Стуббқа сәлем жолдап, Қазақстан мен Финляндия арасындағы достық пен серіктестікті тереңдетуге дайын екенін нақтылады.