"Шындықты мойындауымыз керек": Қытай болашақтың үлкен бір бөлігіне айналады
Қытай электромобиль нарығын жаулап келеді. 2024 жылы BYD компаниясы Tesla-ны басып озып, әлемдегі ең ірі электромобиль өндірушісіне айналды. Компанияның мәлімдеуінше, алдағы 10 жылда Ұлыбритания нарығында бірінші орынға шығу – басты мақсат, деп хабарлайды Anyqtime.kz.
2024 жылы әлем бойынша 17 миллион электромобиль мен гибрид сатылса, оның 11 миллионы Қытайда өткізілген. Қытайлық брендтер – Nio, Xpeng, Zeekr, Omoda – енді жаһандық нарықта Ford пен Volkswagen сынды алпауыттармен тең дәрежеде бәсекелесуде.
Сарапшылардың айтуынша, Қытай автоөнеркәсібінің артықшылығы – аккумулятор технологиясы мен өндіріс ауқымында. Бұл оларға жоғары сапалы әрі қолжетімді көлік ұсынуға мүмкіндік беріп отыр. Алайда батыс елдері тарапынан киберқауіпсіздік мәселесіне қатысты алаңдаушылық бар.
Еуропалық автоөндірушілер бұл жарыста артта қалып келеді. Егер жедел әрекет етпесе, нарықтағы үлесін жоғалтуы мүмкін. Қытайдың электромобиль нарығындағы серпінді дамуы 2015 жылы қабылданған “Made in China 2025” бағдарламасымен тығыз байланысты. Бұл бастама арқылы мемлекет жоғары технологиялы салаларды, оның ішінде электромобиль секторын белсенді түрде қолдауда.
АҚШ пен Еуроодақ Қытайдан келетін автокөліктерге қатысты қауіптерге алаңдап, бірқатар шаралар қабылдады. 2024 жылы АҚШ әкімшілігі Қытайда өндірілген электромобильдерге кедендік баж салығын 25 пайыздан 100 пайызға дейін көтерді. Бұл шешімді Бейжің “ашық протекционизм” деп бағалады.
Алайда сарапшылар Қытай технологиясынан толықтай бас тарту мүмкін емес екенін ескертеді.
«Тіпті Германияда құрастырылған көліктің өзінде де Қытайда жасалған көптеген бөлшектер болуы ықтимал», – дейді Electric Vehicles UK бас директоры Дэн Цезарь.
Оның айтуынша, смартфондар мен тұрмыстық техниканың басым бөлігі де Қытай, АҚШ немесе Кореядан келетініне көпшілік аса мән бермейді.
«Қытай болашақтың үлкен бір бөлігіне айналатынына көз жұма қарамай, бұл шындықты мойындауымыз керек», – дейді сарапшылар