Атырауда жол апатынан алты бала қаза тапты...
Жыл басынан бері Атырау облысында кәмелетке толмағандардың қатысуымен 268 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, салдарынан алты жасөспірім көз жұмған. Тағы 310-нан астам бала түрлі дене жарақатын алған. Бұл сандар жол қауіпсіздігі мәселесінің қаншалықты өзекті екенін көрсетіп отыр, деп хабарлайды Anyqtime.kz тілшісі AtyrauPress сайтына сілтеме жасап.
Жол-көлік оқиғаларының алдын алу мақсатында 20-26 мамыр аралығында облыс аумағында «Қауіпсіз жол» жедел-профилактикалық іс-шарасы өтті. Оның аясында «Абайлаңыз – балалар!» республикалық акциясы ұйымдастырылды. Мақсат – балалардың жолдағы қауіпсіздігін арттырып, мектеп жасындағы оқушыларды көшеден өту тәртібіне баулу.
Облыстық Полиция департаментінің Жергілікті полиция қызметі басқармасына қарасты жол қауіпсіздігін қадағалау тобының инспекторы Айбек Алимовтың айтуынша, акция барысында мектепке дейінгі және мектеп ұйымдарында тәрбиелік, ақпараттық және спорттық шаралар ұйымдастырылған. Жасөспірімдерге жолда дұрыс жүру ережелері түсіндіріліп, қауіпсіздік дағдылары үйретілген. Сонымен қатар велошерулер, сурет байқаулары мен жол мәдениетін насихаттайтын кездесулер де өткен.
1 маусым – Балаларды қорғау күніне орай Атырау қаласындағы №42 мектепте «Жас қорғаушылар кубогы» атты кіші аяқ добынан турнир өткізілді. Жарысқа жас жол инспекторлары мен мектеп оқушылары қатысып, шара құқықтық мәдениетті арттыру мен салауатты өмір салтын насихаттауға бағытталды.
– Әсіресе, соңғы қоңырау мен мектеп бітіру кештері кезінде балалардың қатысуымен күтпеген оқиғалар жиі кездеседі. Сондықтан ата-аналарды балаларының тәртібіне назар аударуға, ал жүргізушілерді жолда барынша сақ болуға шақырамыз. Жолдағы тәртіп – тек полицияның емес, бәріміздің ортақ міндетіміз, – деді Айбек Алимов.
Полиция департаменті балалардың амандығы үшін алдын алу жұмыстарын жалғастыра беретінін мәлімдеді.