«Үш пәтер, Mercedes, 10 миллион қалыңмал»: Аста-төк жасау елді таңғалдырды
Фото: Видеодан скриншот

«Үш пәтер, Mercedes, 10 миллион қалыңмал»: Аста-төк жасау елді таңғалдырды

Әлеуметтік желіде қыздың жасауын әкелген құдалардың видеосы желі қолданушыларын дүр сілкіндірді. Қалыңдықтың төркін жағы жігіт жаққа үш бірдей пәтер мен Mercedes көлігін жасаудың бір бөлігі ретінде ұсынған, деп хабарлайды Anyqtime.kz тілшісі.

Бейнежазбада айтылғандай, пәтерлердің бірі Шымкенттен, екіншісі Алматыдан, үшіншісі құрылыс саласындағы ірі компания — BI Group-тен алынған.

Оған қоса, толық жиһаздалған үй жасауының алдында тұрған Mercedes көлігі де жұрт назарынан тыс қалмады. Ал қалыңмал ретінде қыз жағы 10 миллион теңге сұраған. Жігіт жағы бұл талапты қабыл алып, былай дейді:

– Құда-құдағи, әке күші, ана сүті, өлтірісі бар – барлығын қосқанда 10 миллион теңге қалыңмал береміз.

Желі қолданушылары бұл салтанатты жасауға түрліше пікір білдіруде. Бірі әзілдеп: «Осы әулеттің тағы бір қызы бар ма екен, мама-ау?» десе, енді бірі: «Үш пәтер берген қыз келін болар ма екен?» деп шүбә келтіреді. «Енді мына байлықпен қыз тұрмысқа не үшін шығады?», «Бұл енді келін емес, жылжымайтын мүлікпен келген ханым», «Келін емес, толық комплектация» деп қалжыңдағандар да бар.

Бұл көрініс біреулерге таңданыс, енді біреуге ой салып жатыр. Ал мұндай аста-төк жасау дәстүр ме, әлде көрсеткіш пе — оны қоғамның өзі сараптап жатыр.