«Мәжіліс рақымшылық заңын мақұлдады»: Мәсімов пен Бишімбаевке рақымшылық беріле ме?

11 маусым, 2025 / Ақбота Сабырхан
Казинформ

«Конституцияның 30 жылдығына орай рақымшылық жарияланбақ: 2 100-ден астам қылмыстық іс тоқтатылады», – деп хабарлайды Anyqtime.kz.

Мәжіліс депутаттары Конституцияның 30 жылдығына арналған рақымшылық туралы заң жобасын мақұлдады. Құжат қабылданғаннан кейін 2100-ден астам қылмыстық іс қысқартылып, кейбір азаматтар жауапкершіліктен босатылады.

Журналистер бұл рақымшылық бұрынғы жоғары лауазымды тұлғалар – Кәрім Мәсімов пен Қуандық Бишімбаев сияқты сотталғандарға да қолданылуы мүмкін бе деген сауал жолдады.

"Біз нақты адамдарды атамаймыз. Рақымшылық тек белгілі бір қылмыс санаттарына ғана қатысты. Мысалы, терроризм, азаптау, экстремизм, рецидив, ұйымдасқан қылмыстар және аса ауыр қылмыстарға қолданылмайды," – деді Абзал Құспан.

Оның айтуынша, рақымшылыққа ілініп, бостандыққа шығатындардың саны көп болмайды. Себебі қазіргі таңда сотталғандардың 92 пайызы – ауыр және аса ауыр қылмыс жасағандар. Олардың 16 пайызы – қылмысты қайта жасаған рецидивистер. 

Бүгінде Қазақстанның қылмыстық-атқару жүйесінде 40 мыңнан астам адам бар. Оның ішінде 33 мыңы – сот үкімімен жазасын өтеушілер, шамамен 7 мыңы – тергеу изоляторларында. Бұдан бөлек, Пробация қызметінің бақылауында 27 мыңнан астам азамат тіркелген.

Тэгтер:

Кәрім Масимов Қуандық Бишимбаев рақымшылық заңы