Балаларға Ұлттық қордан 13,3 млн доллар бөлінді
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен іске асқан «Ұлттық қор – балаларға» жобасы аясында қазақстандық отбасыларға қаржы бөлінуі жалғасып жатыр, деп хабарлайды Anyqtime.kz.
Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры (БЖЗҚ) қазіргі таңда 109 мыңға жуық өтінішті орындап, 13,3 млн долларынан астам қаражатты азаматтардың арнайы шоттарына аударған.
Қаражаттың негізгі бөлігі келесі мақсаттарға жұмсалды:
Тұрғын үй жағдайын жақсарту үшін – 8 млн доллар. Бұл бағытта 64 мыңнан аса өтініш мақұлданды.
Білім ақысын төлеу үшін – 5,5 млн доллар. Бұл мақсатқа 45 мыңға жуық өтініш орындалды.
Еске салсақ, «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасы аясында әрбір балаға 18 жасқа дейін жыл сайын қордың инвестициялық табысынан үлес аударылады. Бұл қаражатты кәмелетке толғаннан кейін білім мен баспанаға пайдалану мүмкіндігі қарастырылған.