«Жедел жәрдем» қызыл шамнан өтіп, жол апатына ұшырады: 5 адам зардап шекті, – деп хабарлайды Anyqtime.kz.
Батыс Қазақстан облысында «жедел жәрдем» көлігі қызыл шамға өтіп, жеңіл көлікпен соқтығысты. Апат салдарынан бес адам жарақат алды. Зардап шеккендердің бірі – 13 жастағы қыз бала. Оның жағдайы орташа, қазіргі уақытта ауруханада жатыр. Қалғандары алғашқы медициналық көмек алғаннан кейін үйлеріне жіберілді.
Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, арнайы жарық және дыбыс сигналын қосқан «жедел жәрдем» көлігіне кей жағдайда тыйым салынған белгіден өтуге рұқсат етіледі. Алайда жүргізуші жол қиылысынан өтер кезде абай болып, өзге көліктердің жол бергеніне көз жеткізуі тиіс.
Қазір оқиғаның нақты мән-жайы анықталуда.
Айта кетейік, өткен жылы өңірде «жедел жәрдем» көліктері қатысқан 9 жол-көлік оқиғасы тіркелген. Оның жетеуінде жүргізуші кінәлі деп танылған.