Астанадағы LRT жобасы қозғалысқа келді
Астанада жеңіл рельсті көліктің (LRT) алғашқы вагондары рельске орнатылды, – деп хабарлайды Anyqtime.kz.
Елордадағы халықаралық әуежай маңындағы станцияда жеңіл рельсті көлік (LRT) жобасы аясында алғашқы екі вагон рельске орнатылды. Оқиға орнынан түсірілген видео әлеуметтік желілерде қызу талқыланып, қолданушылардың назарын аударды.
City Transportation Systems компаниясының мәліметінше, вагондарды көтеру және орналастыру жұмыстары барлық техникалық талаптарға сай, қауіпсіз әрі қалыпты режимде өткен.
Аталған жұмыс – 2025 жылдың қыркүйегіне жоспарланған LRT-нің сынақтық іске қосылуына дайындықтың бір бөлігі. Компания өкілдерінің айтуынша, 2026 жылдың көктеміне дейін жүйе сынақ режимінде жұмыс істеп, барлық техникалық және қауіпсіздік талаптарынан өтеді. Содан кейін жолаушыларды тасымалдау кезеңіне көшеді.
Бірнеше жылға созылған үзілістер мен сын-пікірлерден кейін LRT жобасы қайта жанданып, нақты қадамдар жасала бастады. Қоғам тарапынан күмәнмен қаралғанымен, бұл оқиға жобаның жүзеге аса бастағанының нақты белгісі.