"ПСЖ" финалда: Париждік команда "Арсеналды" тағы да жеңіп, шешуші кезеңге жолдама алды
beinsports.com

"ПСЖ" финалда: Париждік команда "Арсеналды" тағы да жеңіп, шешуші кезеңге жолдама алды

УЕФА Чемпиондар лигасының екінші финалисі анықталды. Париждің ПСЖ клубы жартылай финалдың қарымта матчында тағы да "Арсеналдан" басым түсіп, финалдық кезеңге жолдама алды. Қарсыласу Франция астанасындағы әйгілі "Парк де Пренс" стадионында өтті, бұл арена 47 мыңнан астам жанкүйерге арналған, деп хабарлайды Anyqtime.kz.

Тартысты бастама мен алғашқы гол

Ағылшындық ұжым кездесуді жоғары қарқынмен бастап, алғашқы минуттардан-ақ прессингке көшті. Алайда париждіктер қарсы шабуылдармен жауап қатып, матчтың 10-минуттарында-ақ қауіпті сәттер ұйымдастырды. Хвича Кварацхелия қақпа бағанасын көздеген алғашқы соққысымен-ақ қорғанысты абыржытып үлгерді. Ал араға көп уақыт салмай Фабиан Руис алыстан бағыттаған дәл соққымен есеп ашты.

Пенальти, үміт пен шешуші сәт

Екінші таймда Ашраф Хакимидің белсенді әрекеттерінің бірі "Арсенал" ойыншысының қолына доп тиіп, пенальти белгіленуіне алып келді. Бірақ "Пушкарлар" қақпашысы Давид Райя Витиньяның соққысын кері қайтарып, үміт отын қайта жақты. Алайда көп ұзамай Хакими өзі гол соғып, ПСЖ-ның артықшылығын еселеді.

Букайо Сака ағылшын командасының намысын қорғап, бір голмен есепті қысқартты. Бірақ бұл гол ойын тағдырын өзгертуге жеткіліксіз болды.

ПСЖ – финалда, Интермен жолығады

Екі матчтың қорытындысы бойынша (Лондонда 1:0, Парижде 2:1) ПСЖ жалпы есепте 3:1 нәтижесімен жеңіске жетіп, Чемпиондар лигасының финалына жолдама алды.

Финалдық матч 31 мамырда Германияның "Арена Мюнхен" стадионында өтеді. Париждік клуб шешуші кездесуде Италияның "Интер" командасымен күш сынасады.