Танымал едік, тасада қалдық: Бір кездері жарқ еткен жұлдыздар қазір қайда жүр?

12 маусым, 2025 / Ерлан Айқынұлы
Коллаж: aqshamnews.kz

Ақпарат толқыны жұлдыздарды да алмастырып отырады. Кеше ғана елдің сүйіктісіне айналғандар, бүгін көзден бұл-бұл ұшып, сахна мен экраннан көрінбей кетіп жатыр. Желі жұлдызы болғандар да, шоу-бизнесте танылғандар да бір сәтте тасада қалған. Сол бұрынғы ел аузындағы есімдер бүгінде қайда жүр? Бұл сұрақтың жауабын Aqshamnews тілшісінің зерттеуін негізге алып Anyqtime.kz ұсынады.

Бала Жамбылдан - аға Жамбылға

Небәрі 4 жасынан жыр жазып, 7 жасында жыр кешін жасап, елді аузына қаратқан ақын бала естеріңізде ме? Таудай талабымен талайды таңғалдырған Жамбыл Дүйсенұлы зеректігінің арқасында түрлі байқауларда топ жарып, осыдан 10 жыл бұрын ел аузынан түспеген еді. Алайда кейінгі жылдары көп арасынан көрінбей кетті.

Жұрт ішінде "Бала Жамбыл" атымен танылған жас ақын қазір Алматыда магистратура оқып жатыр екен. Бұл туралы бізге Жамбылдың анасы әңгімелеп берді.

"Балам таяуда білім жолында АҚШ-қа сапарлап келді. Қазір әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-де магистратурада білім алып жатыр. Уақыты тым аз. Ашық сұхбатқа, көпшілік алдына шықпай жүргені содан болар. Балам туралы әр түрлі желіде пікірлер есіп жатыр ғой. Маған ұлымның амандығынан басқа ештеңе керек емес. Жамбыл өлеңін де, өнерін де тастаған жоқ" дейді Жамбыл Дүйсенұлының анасы Кәмшат ханым. 

Ағайынды Жүгінісовтер қайда жүр?

Жүгінісовтер десе бірден "Астана" әні еске түседі. Неге десеңіздер, "Ағайынды Жүгінісовтер" ұқсастықтарымен, ерекше харизмаларымен, жан-жақты өнерімен жұрт жадында қалған еді. Шамамен 10 жыл бұрын сахна төрінен түспеген Жүгінісовтер отбасы қазір түрлі саланы тізгіндеген.

Ағайындылардың үлкені - Рүстем Жүгінісов отбасылы болып, дін жолына бет бұрып, жеке кәсіп бастаған. Кейінгі жылдары желіде діни контент жүргізіп, ән әлемінен мүлде алыстап кетті. Ол сахнаға 2020 жылы "Сен маған керексің" деген жеке әнімен шыққан еді.

Ал ағайындылардың ортаншысы - Мирас Жүгінісов керісінше қазір сұраныстағы хитмейкерге айналды. Мыңдаған тыңдармандар жинап, Қазақстанның түкпір-түкіпірінде ірі концерттер өткізіп жүр.

Жүгінісовтердің кенжесі - Мұхаммедәли ерте үйленіп, желіні бір шулатқан еді. Қазір ол да жеке шығармашылығына көңіл бөліп, әндер шығарып жүр. Кейінгі рет оны "Қазақстан дауысы" жобасынан көрген болатынбыз. 

Санжар мен Қайсар кейіпкерлері неге көрінбей кетті?

Кейінгі буын теледидардан Санжар мен Қайсар сериалын көріп өскені сөзсіз. 13 жыл бұрын "Балапан" арнасының көрермендеріне жол тартқан телетуынды талайлардың көңілінен ойып тұрып, орын алған еді. 2 маусымнан тұратын балалар сериалының актерлері де өз шеберліктерімен, өнерімен талайды тамсантқан болатын.

Қайсардың рөлінде - актер Нұрдәулет Есболған ойнады. Ол Тик-Ток желісінде түрлі видеолар түсіріп, ел алдына шығып жүретін. Кейінгі кездері желіде әпкесінің еміне көмек сұрап, жұрт назарына жиі түспейтін болды.

Ал оқымысты бала Санжардың рөлінде - Абылай Жұмабай ойнады. "Кішкентай Санжар" бүгін үлкен жігіт болған. Абылай да өнер жолын қуып, Т.Жүргенов атындағы өнер академиясын тәмамдады. Ол кейінгі рет "Бір тоқсан" сериалының бірнеше маусымында төбе көрсеткен еді. Әзірге өзге медиа жобалардан көрінбей жүр.

Шал мен Шайтанбек қайда?

2012 жылы үлкен экранға шығып, көптің көңілінен шыққан "Шал" фильмін білмейтін қазақ жоқ шығар. Бұл туынды - әйгілі америкалық жазушы Эрнест Хэмингуэйдің "Шал мен теңіз" хикаясы желісімен түсірілген қазақша нұсқа болатын.

Ерекше атмосферасы мен терең философиялық мәнімен есте қалған "Шал" - қазақ киносы тарихындағы шоқтығы биік туындылардың бірі. Алайда фильмнен кейін басты рөлді сомдаған актерлердің шығармашылық жолы көпшілік назарынан тыс қалып қойды.

Басты рөлдегі Шалды сомдаған Ерболат Тоғызақов іздеген жан үшін өнер әлемінен алыстамаған. Бүгінде ол бірнеше кинотуындыларға түсіп жүр. Аqshamnews.kz тілшісі актерді отандық медиа кеңістіктердің бірінде кездестіріп қалып, қазір қайда жүргенін сұрады. Ол өзінің ешқайда жоғалып кетпегенін айтты. 

"Шалдан" кейін жарқ еткен рөлім бәлкім болмаған шығар. Көбі мені көрінбей кетті деп жүр. Бірақ олай емес. Шақырту алған отандық фильмдерде ойнап жүрмін. Іздегендер үшін жүрмін ғой" деді актер. 

Шалдың немересін сомдаған Шайтанбек қайда? Атасына қарсы шығып, ештеңеге көңілі толмайтын "Шайтанбек" бүгінде отбасылы, ел ағасы болды. Фильмде немересі Ералыны ойнайтын актер Орынбек Молдахан қазір Алматыдағы "Асыл қазына" қоғамдық қорының басшысы болып, мемлекеттік қызметте жүр.

Тэгтер:

Бала Жамбыл Жамбыл Дүйсенұлы Ағайынды Жүгінісовтер Рүстем Жүгінісов Мирас Жүгінісов Мұхаммедәли Санжар мен Қайсар Нұрдәулет Есболған Абылай Жұмабай Шал Шайтанбек Ерболат Тоғызақов Орынбек Молдахан